«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» – Ақтауда ұстаздардың облыстық конференциясы өтті

27 тамыз күні Ақтау қаласында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың облыстық тамыз конференциясы өтті. Конференция «Rixos Water World Aktau» қонақүйінде ұйымдастырылып, онда өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасаған жиырмадан астам отандық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ жеті жүзге жуық білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер бас қосты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ауқымды жиынға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Оксфорд университетінің докторанты Меруерт Бижанова, түркиялық Хисар мектебінің директоры Окан Узели, академиктер, мемлекеттік қызметшілер мен педагогтер қатысты. Іс-шарада өңіріміздегі білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен маңызды бастамалар жан-жақты талқыланды.
Шарада IT саласына арналған көрме өтіп, онда отандық және шетелдік компаниялар өздерінің жаңа технологиялық жетістіктерін таныстырды. Жиын тек баяндамалармен шектелмей, панельдік пікірталас түрінде жалғасты. Оған Маңғыстаудан шыққан түлектер, халықаралық сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысып, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Пікірталас кезінде балабақшадан бастап колледжге дейінгі білім берудің үздіксіздігі, заманауи ұстаздың рөлі, білімге тең қолжетімділік және шығармашылық қабілеттерді дамыту жайы қарастырылды.
Жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, өңір мектептерінде білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тамыз концеренциясында білім сапасын арттыру мен педагог мәртебесін көтеру бойынша ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, «Ұстаз – ұлттың шамшырағы». Сол шамшырақ әр баланың жүрегіне жол тауып, болашағына бағыт беруі керек. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Осы тұрғыда өңірде білім сапасын арттыру мақсатында бірқатар жоба жүзеге асып жатыр. Онымен тоқтамай біз биылғы оқу жылынан бастап, кезең-кезеңімен үш жыл бойы, арнайы курстан өткен 50 директорды цифрландыруы дамыған алдыңғы қатарлы Сингапур, Қытай сынды мемлекеттерге тәжірибе алмасуға жіберетін боламыз. Сонымен қатар 30 мектеп оқушысын АҚШ-қа оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Бұл бастамалар білім беру сапасын арттыруға, ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеруге және жастардың жаһандық бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Конференция бағдарламасы аясында өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері, педагогикада ЖИ-құралдарын пайдалану жолдары, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін трансформациялау, кәсіби бағдар берудегі әлемдік тәжірибе және басқа да маңызды тақырыптар қарастырылды. Сондай-ақ облыстың білім беру жүйесінің жетістіктеріне – тың жобаларға, жаңа бастамаларға және өткен оқу жылының нәтижелеріне айрықша назар аударылды.
– Білім беруді цифрландыру – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Бірлескен күш-жігердің арқасында өңірдегі әрбір оқушы үшін сапалы әрі қолжетімді білім беру үдерісін қамтамасыз ете аламыз деп сенеміз. Қазіргі әлем қарқынды өзгеруде, соған сай оқушылардың біліміне, дағдыларына және құзыреттеріне қойылатын талаптар күн сайын артып келеді. Цифрлық технологиялар бізге уақыт талабына сай болумен шектелмей, болашақ сын-қатерлерге дайын болуға, әр балаға жекелей қолдау көрсетуге және қоғамда сұранысқа ие дағдыларды дамытуға жол ашады. Осы бағыттың арқасында оқушылар мен педагогтерға сапалы оқу материалдары мен заманауи білім беру платформаларына кеңінен қол жеткізу мүмкіндігі беріліп, жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бүгінде мұғалімдерді даярлауға ерекше назар аударылып отыр. Өйткені олар – цифрлық трансформацияның табысты жүзеге асуының басты тетігі. Әрбір педагог өз жұмысында технологияларды еркін пайдалана алуы және оқушының әлеуетін толық ашуы үшін өңірде жүйелі түрде біліктілікті арттыру курстары, шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу шаралары өткізіліп келеді. Біз күш-жігерімізді біріктіріп, ресурстарды, бастамаларды және даму жолындағы ұмтылыстарды ортақтастырсақ, сапалы білім беру үдерісін қамтамасыз етіп, инновациялық білім беру ортасын қалыптастыра аламыз. Бұл Маңғыстау облысының елдің алдыңғы қатарлы өңірлерінің қатарына қосылуына, жаңа буынның табысты әрі бәсекеге қабілетті өкілдерін тәрбиелеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақбөпе Тынысбайқызы.
Оның айтуынша, осы бағытта оқушылар мен педагогтерға сапалы оқу материалдары мен заманауи білім беру платформаларына қол жеткізу кеңейіп келеді. Соның айқын мысалы – Маңғыстаудан бастау алып, бүгінде Қазақстанның біраз өңірінде қолданысқа ие болған EDUS цифрлық платформасы. Бұл жүйе оқу үдерістерін толық автоматтандырып, «смарт-мектеп» қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде EDUS Маңғыстаудағы 120-дан астам мектепте жұмыс істеп тұр.
EDUS – білім беру ұйымдарына арналған алғашқы кешенді экожүйе. Ол құжат қабылдаудан бастап, қауіпсіздік, тамақтандыру және үлгерімді талдауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Платформа турникеттерді Face ID-мен, электрондық күнделіктерді, тамақтануды бақылауды және қосымша білім беру модулін біріктіреді.
Компания өкілінің айтуынша, EDUS ең алдымен қауіпсіздік пен қолайлылық үшін жасалған.
– Біз мектептердің цифрлық дәуірге толық қадам басуына көмектесеміз. Жүйенің тиімділігі: қағаз есептіліктің азаюы, сабаққа қатысуды бақылаудың ашықтығы, ата-аналар үшін қолайлылық. Мақсатымыз – оқу орнындағы барлық процестерді біртұтас жүйеге біріктіріп, «смарт-мектеп» қағидатын іске асыру, – дейді компания өкілі.
Жалпы облыстық тамыз конференциясы өңірдің білім беру жүйесіндегі жаңа бастамаларды айқындап қана қоймай, заманауи цифрлық шешімдерді кеңінен қолданудың маңызын көрсетті. Жаһандық білім кеңістігіндегі өзгерістерге бейімделу, озық тәжірибелерді енгізу және инновациялық платформаларды дамыту – Маңғыстау мектептерін жаңа сапалық деңгейге көтерудің басты кепілі болмақ.
