Маңғыстауда үздік педагогтер марапатталды

27 тамыз күні Маңғыстауда өткен «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық тамыз конференциясы аясында үздік ұстаздар мен білім беру ұйымдары марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиын соңында 30-ға жуық білім беру мекемесі мен сала қызметкеріне құрмет көрсетілді. Олардың ішінде Ақтау қаласының №29 мектеп бастауыш мұғалімі Моншақ Ертлеуова, Құланды мектебінің бастауыш мұғалімі Айсұлу Бекова және Түпқараған ауданы мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Гүлбаршын Дүйшова «Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды.
Сонымен қатар Қарақия ауданындағы «Қарақұдық» мектебінің ардагер ұстазы Жания Бесінбаева мен Ақтау қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәні мұғалімі Маңдайлы Жарылғас «Шапағат» орденімен марапатталды.
Бұдан бөлек бірқатар ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрінің және облыс әкімінің алғыс хатына ие болды.
Айта кетейік, биыл өңірдің білім беру сапасында оң өзгерістер байқалады. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 2025 жылы 3464 түлек мемлекеттік грантқа ие болып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің өскені белгілі болды.
