Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

ҚМА онлайн ойындарды жарнамалауға қатысы бар 34 блогерді атады

Нұргүл Алясова
|
28.08.2025 11:15
ҚМА онлайн ойындарды жарнамалауға қатысы бар 34 блогерді атады
silkwaytv.kz

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн ойындарды жарнамалауға қатысы бар 34 блогерді анықтады, деп хабарлайды otpannews.kz.


«Олардың ішінде Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданды», - деді ҚМА. 


Агенттік блогерлердің көпшілігі заңды бір рет емес, жүйелі түрде бұзады деді.


«Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылды. 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді. Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған. Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған, - деп хабарлады ведомстваның баспасөз қызметі.


Агенттік бұл істе блогер қыздар да белсенді екенін айтады.


«Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі», - деді Агенттік.


Осылайша, онлайн казино жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, аталған тұлғалар өз істерін жалғастырып келеді. 


«Олар адамдардың тағдырына немқұрайлы қарап, отбасылардың күйреуіне себеп болып отыр. Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында – заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларының жарнамасы сияқты онлайн казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді», - деді Агенттік.


Агенттік заңсыз ойындарды насихаттаудан бас тартып, адамдардың алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырады. Күдікті ұсыныстар түскен жағдайда оларды дереу "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұрайды.

14
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!