Маңғыстауда өңірлік авиа-логистикалық хаб дамыту мәселесі талқыланды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Германияның ұлттық әуе тасымалдаушы «Lufthansa Consulting» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесуде тараптар Ақтау әуежайын дамыту және жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Инвесторлардың айтуынша, Ақтау - өңірлік авиациялық және логистикалық хабқа айналуға әлеуеті зор қала. Бұл жоба жоғары технологиялар мен қосымша құн әкеліп, Қазақстан экономикасына оң әсерін тигізеді.
ATM Grup компаниясы әуежай инфрақұрылымын жаңғыртып, ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдарын жөндеп, арнайы техникаларды көбейтуді жоспарлап отыр.
– Географиялық жағынан қолайлы жерде орналасқан Маңғыстау Қазақстанның жетекші әрі маңызды өңірлерінің бірі болып саналады. Облыста бизнес жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Заң аясында инвесторлармен әріптестік орнатуға, ынтымақтастыққа дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қос тарап өңірде әлеуетті инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндіктерін зерделеу үшін одан әрі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
