Ақтауда жеңіл атлетикадан «Әминиада-2025» турнирі өтеді

Ақтауда белгілі жеңіл атлет, КСРО рекордын алты рет жаңартқан жерлесіміз Әмин Тұяқовтың құрметіне орай «Әминиада-2025» республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Айтулы дода осымен елімізде 15-ші рет ұйымдастырылғалы отыр. Қыркүйек айының 26-27 күндері 2010-2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында ел үздіктерін анықтамақ. Жауапты турнирді Маңғыстау облыстық жеңіл атлетика федерациясы өткізеді.
Айта кететін жайт, ұлдар мен қыздар арасындағы желаяқтар жарысында 200 метрге жүгіруге басымдық берілген. Бұл сында топ жарған оғландарға қомақты қаржылай сыйақы табысталады.
1 орын: 200 мың теңге
2 орын: 150 мың теңге
3 орын: 100 мың теңге.
Ал бұдан басқа қашықтықтарда жүгіруден сынға түсетіндер де ақшалай сыйақы беріледі.
1 орын — 40 мың теңге
2 орын - 30 мың теңге
3 орын - 20 мың теңге.
Әмин Тұяқов биыл 87 жасқа толды. Шайыр ауылында дүниеге келген аңыз спортшы туралы 2022 жылы Ақтауда Жұмабай Құлиевтің «Әмин Тұяқов» атты кітапбының тұсаукесері өткен болатын.
Даңқты спортшы КСРО чемпионатында төрт рет чемпион атанса, 1963 және 1967 жылдары өткен КСРО спартакиадасында екі мәрте топ жарды. Сондай-ақ, ол Кеңес Одағының рекордшысы, Еуропа кубогының иегері.


