Ақтауда «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты пресс-конференция өтті

Ақтау қалалық полиция басқармасында «Бақытты отбасы – бақытты ел» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасылық құндылықтарды нығайту, деп хабарлайды otpannews.kz.
Пресс-конференцияға қала прокуратурасы, әкімдік өкілдері, денсаулық сақтау саласының мамандары, «Аналар кеңесі» мен «Аналар үйі» қоғамдық ұйымдарының жетекшілері, отбасын қолдау орталықтары, заңгерлер, психологтер және полиция қызметкерлері қатысты.
«Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы республика көлемінде 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Оның аясында Ақтауда мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда:
• пресс-конференциялар мен семинарлар;
• флешмобтар мен мобильді акциялар;
• көпбалалы отбасылармен және ІІО қызметкерлерінің әулеттерімен кездесулер;
• құқық бұзушы агрессорлармен профилактикалық жұмыстар;
• отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар бойынша сенім телефондарының «жедел желісі»;
• ақпараттық материалдар мен билбордтар арқылы халықты хабардар ету.
Ақтауда акция аясында қала әкімдігі, прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар мен психологтер бірлесіп, отбасындағы қиын жағдайларға тап болған азаматтарға көмек көрсетуде. Сонымен қатар агрессорлармен профилактикалық сұхбаттар жүргізіліп, тұрғындар арасында анонимді сауалнама ұйымдастырылуда.
– Отбасы – қоғамның іргетасы. Бала бақытты отбасында ғана өзін қауіпсіз, еркін әрі маңызды тұлға ретінде сезінеді. Сондықтан зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті, – дейді ұйымдастырушылар.
