Маңғыстау облысы мен Түрікменстанның Балкан велаяты стратегиялық әріптестікті дамытады

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түрікменстанның Балкан велаятының хәкімі Ходжамырат Ашырмырадов бастаған делегацияны қабылдады. Кездесуде қос тарап 2025–2027 жылдарға арналған стратегиялық әріптестікті дамыту бағдарламасы мен өңіраралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өзара әріптестікті дамытуға облыс тарапынан толық қолдау бар екенін атап өтті.
– Мемлекет басшыларының өзара сапарлары - Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын дәлелі және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға жол ашып отыр. Біз Маңғыстау мен Балкан велаяты арасындағы әріптестікті барлық бағытта қолдауға дайынбыз. Мұнай-газ, логистика, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен туризм салаларында үлкен әлеует бар. Ең бастысы - нақты жобаларға кірісіп, тиімді жұмыс істеу. Біз бұған дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар шекара маңындағы тұрғындар үшін 5 күндік визасыз режимді қайта қалпына келтіру бастамасын қолдап, оның гуманитарлық, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне назар аударды.
Кездесу нәтижесінде тараптар өңіраралық әріптестікті тереңдетуге бағытталған нақты іс-шараларды бірлесе іске асыруға ниетті екенін білдірді.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Маңғыстау облысы мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы 9,2 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға өсті. Соның ішінде экспорт – 2 млн, ал импорт – 7,2 млн АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ, облыста Түрікмен капиталының қатысуымен түрлі салада 20 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар негізінен қара және түсті металл сынықтарын сату, азаматтық құрылыс пен құрылыс тасын өндірумен айналысады. Сонымен қатар, өңірде Түрікменстаннан келген 35 студент білім алып жатыр.
