Биыл Маңғыстауда 400-ден астам маман психологиялық-педагогикалық біліктілігін арттырды

Биыл Маңғыстауда 400-ден астам маман «Ата-аналарға психологиялық-педагогикалық білім берудің ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында өткен біліктілік арттыру курсынан өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Білім басқармасының хабарлауынша, курсқа қатысқандардың ішінде 67 директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 129 сынып жетекші, 59 тәлімгер, 80 педагог-психолог, 67 әлеуметтік педагог бар.
Жас ерекшеліктеріне қарай 1-4, 5-9, 10-11 сыныптардың білім алушыларының ата-аналарына арналған сабақтар тұрақты түрде өткізілді. Биыл 112 795 ата-ана сабаққа қатысты. Сонымен қатар, өңірде «Баланың басты ұстазы ата-ана», «Ата-аналар мен мектеп арасындағы ынтымақтастық: Баланың жетістігін бірге арттыру» тақырыптарында облыстық деңгейде семинар мен форум өтті. «Ұрпақ және ұлттық құндылық» жобасы аясында жасөпірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу, әлеуметтік желідегі қауіпсіздік тақырыптарында кездесу ұйымдастырылып, 2100 ата-ана жиынға қатысты.
