2026 жылы Ақтауда контейнерлік хабтың алғашқы кезеңі іске қосылады

Қазақстан Республикасының көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік стратегия аясында Каспий теңізіндегі қазақстандық порттарды дамытуға айрықша назар аударылуда. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Ақтау портында заманауи контейнерлік хаб құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба Каспий маңы елдері мен Орталық Азия үшін тұрақты контейнерлік сервис пен парк қалыптастыруды көздейді. Оның жүзеге асырылуы нәтижесінде порттар арқылы контейнерлік тасымал көлемі үш есеге артады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бүгінде контейнерлік тасымалдар әлемдік деңгейде мойындалған үрдіс әрі порт инфрақұрылымын дамытудың негізгі қозғаушы күші саналады. Контейнерлік хаб түрлі бағыттардан келетін жүк ағындарын тоғыстырып, оларды халықаралық маршруттар бойынша қайта бөлетін стратегиялық орталық болмақ.
«Жеке хаб құру қажеттілігі қолданыстағы порттың шектеулі мүмкіндіктерімен және қазақстандық экспорттың контейнерлендірілу деңгейінің төмендігімен байланысты. Жобаны іске асыру жүк қайта тиеу алаңын ұйымдастыруға, сақтау қоймаларын құруға және кері жүктемені қамтамасыз ету арқылы теңіз желілерінің контейнерлерін тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар хаб аумағында қосымша қызметтердің толық спектрі ұсынылады: өлшеу, сертификаттау, контейнерлерді жөндеу және сақтау. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін өткізу қабілеті жылына 120 мың ДФЭ құраса, жоба толық іске асқанда 240 мың ДФЭ-ге дейін жетеді», – деді жобалаушы компанияның коммерция жөніндегі бас директорының орынбасары Қайрат Қалиолла.
Биыл маусым айында алғашқы іске қосу кешені пайдалануға берілді: теміржол желілерінде және контейнер алаңында жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда контейнерлерді уақытша сақтау Ақтау порты аумағында жүзеге асырылуда. Жобаның бірінші кезеңін толық аяқтау биылғы жылдың соңына жоспарланып отыр. Ал теңіз жүк тасымалын үш есеге арттыруға бағытталған хабтың алғашқы кезеңін 2026 жылдың басында іске қосу көзделген. Жобаны қазақстан-қытай бірлескен компаниясы жүзеге асыруда.
