Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданының тұрғындарымен кездесті

|
22.10.2025 19:34
Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданының тұрғындарымен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Маңғыстау ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және халықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде аудан әкімі Ғалымжан Ниязов ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспары туралы баяндама жасады.


Маңғыстау ауданы – облыстың ең ірі және тарихи өңірлерінің бірі. Қазіргі таңда ауданда 38 мыңнан астам адам тұрады. Негізгі даму бағыттары – ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және сервистік қызметтер. Кейінгі жылдары аудандағы экономикалық өсім тұрақты сипатқа ие болып отыр.


Аудан әкімінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 58,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 39%-ға артқан.


Ауыл шаруашылығы саласында Маңғыстау ауданында 598 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жалпы мал саны 212 мыңнан асады. Биыл 29 егін шаруашылығы қожалығы 184 гектар жерге егін егіп, 5100 тонна өнім алуды жоспарлауда. 245 шаруа қожалығы мемлекет тарапынан субсидия алды. Сонымен қатар, жаңадан 6 құдық қазылған, 11 ауылда ветеринариялық пункттердің құрылысы жүріп жатыр.


Білім беру саласында да оң өзгерістер байқалады. Ауданда 21 мектеп пен 30 балабақша жұмыс істейді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шетпе ауылында 600 орындық жаңа мектеп ашылды. Сондай-ақ мектептерге жаңа пән кабинеттері, жиһаздар мен компьютер жабдықтары алынып, оқушыларды тасымалдауға арналған автобустар берілді.


Денсаулық сақтау саласында 49 дәрігер мен 239 орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шетпе ауылының Қосбұлақ шағынауданында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұдан бөлек Жармыш және Жыңғылды, Ұштаған, Сайөтес елді мекендеріндегі медициналық нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


Ауданда кәсіпкерлік пен туризм салалары да қарқынды дамып келеді. 2025-2026 жылдары «Stella Energy» күн электр станциясы мен азық-түлік сақтау қоймасы сияқты ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Кәсіпкерлік үйі ашылды. Сондай-ақ Шетпе ауылында жалпы аумағы 6 680 шаршы метрді қамтитын жаңа жәрмеңке алаңы іске қосылып, жергілікті тұрғындарға тиімді бағада өнім ұсынуға мүмкіндік берді. Туризм бағыты бойынша аудан аумағында Шерқала, Айрақты, Торыш, Тұзбайыр және Ақмыш сынды табиғи және тарихи нысандарды дамытуға бағытталған жобалар қолға алынды.


Кездесу барысында тұрғындар ауыз су тапшылығы, жолдардың сапасы, жарықтандыру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелерін көтерді.


Өңір басшысы әрбір сұраққа жеке тоқталып, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.


«Маңғыстау ауданы – облыстың экономикалық және рухани дамуына елеулі үлес қосып отырған өңір. Мұнда ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік тұрақты дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Кездесу соңында облыс әкімі жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне тапсырма жүктеді.

23
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!