«Даму» қоры Маңғыстаудағы кәсіпорындарға қолдау көрсетіп келеді

Маңғыстауда «Даму» қорының өңірлік филиалы ұйымдастырған пресс-тур аясында журналистер мемлекеттен қолдау алған бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шара шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында өтті. «Даму» қоры – шағын бизнесті дамытуға бағытталған ұлттық даму институты. Қор кәсіпкерлерге үш негізгі құрал арқылы қолдау көрсетеді: жеңілдікпен қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру. Соңғы жылдары қор құрылымдық трансформациядан өтіп, бұрынғы құралдар сақталғанымен, жұмыс істеу тиімділігі айтарлықтай артқан.
Маңғыстау облысында 2010–2024 жылдар аралығында «Даму» қорының қолдауымен 7 909 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 520,2 млрд теңге салық төленген. Қор директоры Берік Кадировтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібі, логистика, туризм, денсаулық сақтау және білім беру басым бағыттар ретінде айқындалған.
2024 жылы іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлерге 12,6% мөлшерлемемен инвестициялық және айналым қаражатын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама шеңберінде облыста 40 жоба жалпы сомасы 11,3 млрд теңгеге қаржыландырылған. Кепілдік беру құралдары да жетілдіріліп, жылдам әрі тиімді рәсімделу мүмкіндігі артты. Биыл 137 жобаға 6,9 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген. Бұл жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі мен білім беру салаларына тиесілі.
Баспасөз туры аясында «Нұр-Орда мектебі» ЖШС жұмысымен танысу мүмкіндігі болды. Бұл - 2024 жылы ашылған қазақ тілінде білім беретін жекеменшік, бірақ тегін мектеп. Қазір онда 550-ден астам оқушы оқиды, 70-тен астам педагог еңбек етеді. Мектеп оқу орны ретінде өз инфрақұрылымын кеңейтіп, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы коммерциялық нысан сатып алған.
«KazEcoBuild» ЖШС - ұялы бетон блоктарын өндіретін кәсіпорын. Компания өндірісін кеңейту мақсатында жаңа жабдықтар сатып алып, өндірістік цех құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асуда. «Ак Бекет» ЖШС - энергетика және құрылыс салаларында жұмыс істейтін кәсіпорын. Мемлекеттік субсидиялау арқылы алынған жеңілдетілген несие кәсіпорынға жоғары вольтты электротехникалық жабдықтар шығаратын зауытты дамытуға мүмкіндік берген.
Жалпы, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мен кепілдік беру құралдары өңірлік кәсіпорындардың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ШОБ үлесінің артуына оң ықпал етіп отыр. Бұл - мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және нақты секторды қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы нақты нәтиже.



