Маңғыстауда жекеменшік емшара кабинеттерінде екі адам көз жұмды

Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетярованың мәліметінше, биыл тоғыз айда өңірде жекеменшік процедуралық кабинеттерде 41 адам анафилактикалық шок алған. Өкінішке қарай, екі адамды аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиғаның бірі Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылында болған. Жас жігіт дәріханадан антибиотик алып, сол жерде процедуралық кабинеттің қызметін пайдаланған. Инъекциядан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап қалған. Жедел жәрдем шақырылып, «103» қызметі келген кезде биологиялық өлім тіркелді. Осы оқиға бойынша денсаулық сақтау басқармасының жолдамасы негізінде біздің департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында аталған процедуралық кабинетте медициналық қызмет көрсетуге лицензия болмағаны, тамырішілік және бұлшықетке салынатын инъекциялар дәрігердің тағайындауынсыз жасалғаны, сондай-ақ антибиотикке аллергиялық сынама жүргізілмегені анықталды. Дәрі-дәрмекті сақтау тәртібі де бұзылған.
- Медициналық қызметкердің мамандану сертификаты да, соңғы бес жылда біліктілігін арттыру туралы құжаты да болмай шықты. Тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция департаментіне жолданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, — дейді облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетярова.
Облыста Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен, жекеменшік процедуралық кабинеттердің заңсыз қызметін анықтау үшін қоғамдық мониторингтік топтар құрылған.
Қыркүйек айында Ақтауда 46 процедуралық кабинет анықталды. Олардың алтауына департамент тарапынан жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, бір миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Тексеру кезінде лицензияның жоқтығы немесе талаптарға сәйкес еместігі, дәрі-дәрмектердің сақтау ережелерінің бұзылуы, кейбір дәрілердің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткені белгілі болды. 46 кабинеттің ішінен 12-сі өз еркімен жұмысын тоқтатып, лицензияларынан бас тартты. Осындай тексерулер алдағы уақытта Мұнайлы ауданы, Жаңаөзен және басқа да аудандарда жүргізіледі.
