Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстау табиғатын әуе шарымен тамашалау мүмкіндігі туады

|
22.10.2025 19:43
Маңғыстау табиғатын әуе шарымен тамашалау мүмкіндігі туады

Анталия қаласында өткен халықаралық Antalya Tourism Fair 2025 туристік көрмесі аясында Маңғыстау облысының туризм басқармасы, түрік компаниясы Uluer Group және Қазақстан туристік қауымдастығы (ҚТҚ) арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Құжатқа Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев, Uluer Group компаниясының бас директоры Сами Махмұт Улуэр және ҚТҚ президенті Роза Асанбаева қол қойды.


Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, тараптар Маңғыстау облысының туристік әлеуетін ілгерілетуге, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ тұрақты және оқиғалы туризм саласында тәжірибе алмасуға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаласты. Меморандумға қол қою Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.


Uluer Group компаниясы – Каппадокия мен Танзанияда әуешарын ұшыру бағытында жетекші операторлардың бірі. Компания «Mangystau Balloon Festival» жобасын жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Бастама аясында 2026 жылдан бастап Бозжыра, Тұзбайыр, Шерқала және Айрақты секілді көрікті табиғи ландшафттар үстінде әуешарлар шеруін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жоба компанияның өз қаражаты есебінен іске асатын болады.


Биыл жыл соңына қарай Uluer Group компаниясының бас директорының Маңғыстау облысына сапары жоспарланды. Сапарда локацияларды зерделеу, маршруттарды техникалық бағалау және әуе шары туризмін іске асыруға қолайлы аймақтарды анықтау көзделіп отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру Қазақстанның жаңа туристік брендіне айналып, шетелдік инвестиция тартуға, жұмыспен қамтуды арттыруға, сондай-ақ Маңғыстау облысының Орталық Азиядағы оқиғалы туризм орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.

47
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!