Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстаулық құтқарушы Жалғас Блахаев: «Біз үшін әр уақыт маңызды»

Маңғыстаулық құтқарушы Жалғас Блахаев: «Біз үшін әр уақыт маңызды»

19 қазан күн-түн демей, қауіп-қатердің ортасында жүріп, адам өмірін арашалап жүрген құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Бүгінде Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінде өмірін қатерге тіккен мыңға жуық маман бар, деп хабарлайды otpannews.kz.


Олар күн сайын өзгенің өмірін аман алып қалуға дайын тұрады. Солардың бірі – Ақтау қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жалғас Блахаев. 


Жалғас еңбек жолын 2012 жылы әскерден келген соң Жаңаөзендегі өрт сөндіру бөлімінде бастаған. Құтқарушы қызметіндегі ең алғашқы ірі өрт 2013 жылы 8-наурызда болғанын еске алды.  


Бесінші қабаттағы пәтер өртенді. Іште ер адам қалып қойған. Түтіннің арасынан алып шықтық. Бірақ ол 10 күн ауруханада жатып, көз жұмды. Сол сәт маған қатты әсер етті. Бүгінге дейін есімнен кетпейді, - дейді Жалғас Блахаев. 


Жалғас Блахаев осы мамандықты саналы түрде жалғастыру үшін 2021 жылы Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған. Сол жылы Ақтауға ауысып, қызметін жалғастырды. Қазір ол тәжірибелі маман.


Жалғас жыл сайын ондаған құтқару операциясына қатысады. Соның ішінде Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы су тасқынында табанды еңбек етті. Ал 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңында болған ұшақ апатында да алдыңғы қатарда жүрді.


Біздің жұмыс – адам өмірін арашалау. Біз үшін әр уақыт бағалы. Құтқарушылардың ең басты қасиеті – батылдық дер едім. Тез шешім қабылдап, әрекет ете білу керек. Ал адамдардың алғысы бізге күш береді. Жақындарым жұмысымның қауіпті екенін айтады. Бірақ, бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Бұл сала маған батыл болуды, өзгеге қамқорлық жасауды үйретті. Егер жастар осы жолды таңдаса, еш өкінбейді. Себебі ең бірінші сен өмір құтқарасың. Сол үшін алғыс аласың, - дейді ол.


20 жасында өрт сөндіру қызметіне келген Жалғас бүгінде 33 жаста. Адал еңбегімен халықтың алғысын алып жүрген азамат жарымен бірге екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп отыр. 


Otpannews.kz редакциясы шарпыған жалынның арасынан, қас-қағым сәтте басталған апаттың ортасынан адам өмірін арашалап жүрген құтқарушыларды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтайды!

60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!