Мұнайлы ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп ашылды

Республика күні қарсаңында Мұнайлы ауданының Айрақты тұрғын массивінде №21 жалпы білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды. Білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Бұл – осы бағдарлама бойынша Маңғыстау өңірінде ашылған он бірінші мектеп, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа мектеп 900 оқушыға арналған. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы – еліміздің білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Заманауи мектептердің салынуы қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты азайтып, балалардың мүмкіндігін толық ашуға жол ашады. Бүгінгі мектептің ашылуы – Мұнайлы ауданы үшін үлкен қуаныш әрі өңірдің әлеуметтік дамуына қосылған елеулі үлес», – деді аймақ басшысы.
Жалпы ауданы 9 мың шаршы метрден асатын мектепте 45 оқу кабинеті бар. Олардың қатарында дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, визуалды өнер, үй шаруашылығы, робототехника, STEM және музыка кабинеттері қарастырылған. Білім ордасы оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған сенсорлық бөлме, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті және арнайы жеделсаты орнатылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимарат толығымен бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Мектеп ауласында ойын және спорт алаңдары салынған.
Айта кетейік, бұған дейін өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы 9 мыңнан астам оқушыға арналған 10 мектеп іске қосылған. Жыл соңына дейін Ақтау және Жаңаөзен қалаларында тағы екі жаңа мектептің пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.








