Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Мұнайлы ауданының әлеуметтік қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар балаларға қалай көмектеседі?

|
22.10.2025 11:58
Мұнайлы ауданының әлеуметтік қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар балаларға қалай көмектеседі?
Фото: otpannews.kz

Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні дәстүрлі түрде қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Осыған орай, otpannews.kz порталы бұл маңызды әрі жауапты мамандық өкілдерімен таныстыруды жалғастыруда.


Мұнайлы ауданындағы үйде әлеуметтік қызмет көрсету орталығы екі жыл бұрын құрылған. Бұл жерде мүгедектігі бар балаларға, 18 жастан асқан мүгедектігі бар тұлғаларға және ауданда тұратын жалғызбасты қарттарға үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсетіледі.


Қазіргі таңда орталық есепте 117 мүгедек бала және 8 қарт адам бар. 22 әлеуметтік қызметкер аптасына кем дегенде екі рет үйге барып, қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету бағыттары 8 салаға бөлінген. Оның ішінде әлеуметтік тұрмыстық, әлеуметтік медициналық, әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік құқықтық, әлеуметтік мәдени, әлеуметтік еңбек және әлеуметтік экономикалық бағыттар бар.

 

Сонымен қатар, орталықта екі әлеуметтік кеңесші және арнайы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалайтын бір маман жұмыс істейді.


15 жастағы Саламат есімді ДЦП диагнозы бар балаға әлеуметтік қызметкер аптасына екі рет келеді. Ол Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында тұрады және 9-сыныпта оқиды. Ауруына байланысты Саламат үйден оқиды және барлық пәндерді жақсы көретінін айтады. Оған әлеуметтік қызметкер Жанаргүл Молдахметова бекітілген.


«Мен 8 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Педагогикалық білімім бар. Бұрынырақ балабақшада жұмыс істедім, қазір әлеуметтік қызметкермін. Мүгедек балаларға көмектесемін. Менің қарамағымда 6 тәрбиеленуші бар. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі әртүрлі диагноздары бар балалар – ДЦП, аутизм, кешігу синдромы бар балалар. Біз олардың үйіне барып, сабақ береміз. Сол уақытта аналар шаруаларын жасауға немесе демалуға мүмкіндік алады. Себебі мұндай балаларға қарау оңай емес. Әрине, аналары бізге өте ризашылық білдіреді», – дейді Жанаргүл Молдахметова.
71
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!