Нұрдаулет Қилыбай Шетпе ауылы маңындағы карьерлердің жұмысын реттеуді тапсырды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбайдың төрағалығымен Шетпе ауылының маңында орналасқан тас карьерлерінің қызметіне арналған кеңес өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері және кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте қатысушылар карьерлердің қызметіне байланысты жергілікті тұрғындардан келіп түскен көптеген өтініштер мен шағымдарды талқылады. Тұрғындар жарылыс жұмыстары кезіндегі діріл, шаң және ауыр жүк көліктерінің қарқынды қозғалысы салдарынан туындаған экологиялық және тұрмыстық мәселелерге назар аударды.
Жиын қорытындысы бойынша Нұрдаулет Қилыбай карьерлерден ауылға дейінгі жолдарды асфальттаудың мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Өңір басшысы бұл шара шаң деңгейін төмендетіп, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі карьер иелеріне нақты тапсырмалар беріп, заң талаптарын қатаң сақтау және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әдістерді қолдану қажеттігін ерекше атап өтті.
– Әр кәсіпкер өз қызметінде экологиялық қауіпсіз тәсілдерді қолдануы тиіс. Жарылыс жұмыстарын жүргізбес бұрын алдын ала хабарлау қажет, ал сол уақытта арнайы комиссия тексеру жүргізуі керек. Ең бастысы – халықтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында болуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Жиын соңында қатысушылар жол құрылысы мен жарылыс жұмыстарын заманауи әрі қауіпсіз технологияларды қолдана отырып жүргізу мәселелерін талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.