Aktau Youth Forum: “Еліміздің жас стартаперлері Марк Цукербергпен келісімнен бас тартты”
Бүгін – Ақтаудағы халықаралық жастар форумының екінші күні. Форумда Тимур Бектұр сөз сөйлеп, Қазақстан биыл әлемдік IT-де “Higgsfield AI” жобасымен көпшілікті таң қалдырғанын айтты. “Higgsfied AI” авторы Ерзат Дулат бейне генерациялауға бағытталған жоба ойлап тауып, “Meta” компаниясының сатып алу туралы ұсынысынан бас тартқан. Бұл туралы Ақтаудағы халықаралық жастар форумының “Сауат” сессиясында айтылды деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бүгінгі форумда алдымен “Сауат” сессиясы өткізілді. “IT және медиа сауат”, сондай-ақ “заң мен тәртіп” тақырыптарынан тұратын сессияға еліміздің әр өңірінен келген жастар қатысты.
- «Сауат» сессиясы – жастардың бойында құқықтық, қаржылық, цифрлық, медиасауаттылықты қалыптастыруға бағытталған алаң,- дейді ұйымдастырушылар.
“IT және медиа сауат” бойынша IT-аналитик, IT ағартушы - Тимур Бектұр, IT-маман, “Mediana” компаниясының негізін қалаушы Өмірбек Құрбанбаев пен журналист Айкерім Есенәлі спикер болды.
“Қазір – жаңа тенденциялардың белең алған уақыты. Әлемде түрлі өзгерістер орын алып, IT саласы үлкен қарқынмен дамып келеді. Мәселен, жасанды интеллект әлемде шамамен 1956 жылы пайда болды. Ал біздің қоғам бұл тақырыпты талқылап бастағалы 2-3 жыл ғана. Сондықтан біз дамуды тоқтатпаумыз керек. Қазір біздің елімізде ғаламдық boom жаңалық болған – Higgsfield AI жобасы бар. Бұл – кішігірім стартаптан бастап, әлемді өзіне қаратқан юникорн жоба. Тіпті Марк Цукерберг осы жобаны сатып алуға ұсыныс та білдірді. Сол секілді кез келген жаңа дүниені жай пайдаланып қана қоймай, сол жобаның құрылымын түсініп, зерттеп, одан да мықты дүние жасауға тырысу керек”,- деді Тимур Бектұр.
Ал маңғыстаулық Өмірбек Құрбанбаевтың айтуынша, IT – бөлек алып қарайтын сала емес. Өйткені IT жаңалықтары – барлық мамандыққа тән, жалпыға ортақ. Тетігін таба білген жан үлкен жетістіктерге оңай жете алады.
Кездесуге келген жастар спикерден кәсіп бастауда қандай қателіктерге бой алдырмау қажет екенін сұрады.
“Бізде алғыр, тәуекелшіл жастар көп. Тәуекелге барып білу керек, дегенмен, оның алдында анализ барын ұмытпаңыз. “7 рет өлшеп, 1 рет кес” дегендей, идеяны жүзеге асырар алдында жан-жақты зерттеңіз. Содан кейін тәжірибе жинақтап, кәсіп ашуға кіріссеңіз болады. Басқа адамның жүріп өткен жолымен сабақ аламын деу – бұрыс шешім”,- деді Өмірбек Құрбанбаев.
Айкерім Есенәлі келушілерге бүгінгі тенденциялар дәстүрлі медиаға қалай әсер етуде, әлеуметтік желідегі трендтер, аудиторияға қызықты тақырыптар туралы ақпарат берді.
“Қазіргі кезде әлеуметтік желі мен дәстүрлі медианы қатар зерттеу қажет. Өйткені аудитория қызығушылықтары өзгеріп отырады. Ақпараттық, танымдық контенттен гөрі, хайп әкелетін контенттің қаралымы көбірек. Бұл жерде ешкім де кінәлі емес. Жай ғана есте сақтау қажет, медиа – тәрбиелеуші құрал. Сондықтан танымдық бағыттағы контентті көбейтуге жұмыстанған жөн”,- деді журналист Айкерім Есенәлі.
Сондай-ақ журналист, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин мен прокурор Айжан Аймағанова “Заң мен тәртіп: Құқықтық сауаттылық” тақырыбы аясында келушілермен тілдесіп, сөз сөйледі.