Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда шағын аудан тұрғындары аялдаманы көшіруді талап етуде

|
06.11.2025 14:45
Ақтауда шағын аудан тұрғындары аялдаманы көшіруді талап етуде

Қоғамдық көлік аялдамасының жанындағы автотұрақ 6-шағынаудандағы 36-үйдің алдында сегіз жыл бұрын пайда болған. Оны кәсіпкерлердің бірі өз қаражатына салып, сол кезде оның құрылысына 3,3 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар, оның құрылысы барлық коммуналдық қызметтермен және әкімдікпен келісілген, деп хабарлайды otpannews.kz


Автотұрақ жол бойындағы 6-36 үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкендерге, бірнеше дәріхана мен екі оптикаға келушілерге арналған болатын. Сондай-ақ, таңертең балаларын балабақшаға апаратын ата-аналар да көліктерін осы жерге қоятын. Енді автотұрақ орны жоқ, барлық көліктер тұрғын үйдің ауласына кіріп жатыр.


«Аулада балалар ойнайды, тұрғындар өз көліктерін қояды, енді оған қосымша тағы да көптеген машиналар келді. Таңертең және кешке мұнда нағыз бейберекет жағдай. Балалар подъезден дұрыс шыға алмайды, жүрмек түгілі, ойнап та алмайды – көліктер бәрінде тұр. Тұрғындар шағымданады. Ақыр соңында, автотұрақты мүлдем алып тастау туралы шешім қабылдаған әкімдік айналадағы барлық үйлердің тұрғындарына жағдайды одан әрі қиындатты», – дейді кәсіпкер Рафик Рагимов.


Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл автотұрақта, айтпақшы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі орын да болған, сондықтан мұнда жасы үлкен адамдар, алысты жүре алмайтындар, көзі нашар көретіндер және науқастар келе алатын.


«Әкімдік неліктен тұрғындардың пікірін сұрамастан бірдеңені өзгерте бастады? Қараңыздаршы, бұрын автотұрақ болған жерге қазір автобус аялдамасын қойып қойған. Ал ары қарай жолға түсетін еңіс жасап жатыр. Нәтижесінде 6-36 үйдің алдындағы бүкіл аумақта бірде-бір автотұрақ қалдырмады», – дейді кәсіпкер Александр Палий.


Тұрғындардың айтуынша, жұмыстар бір апта бұрын басталған. 



«Басында біз автотұрақты басқа жаққа көшіреді деп ойладық – айырмасы қанша – сәл алға не артқа болса да. Бірақ құрылысшыларға жақындағанымызда, олар мүлдем автотұрақ болмайды деді. Біздің автотұрағымызды тартып алды! Иә, дауласпаймыз, жолға түсетін еңіс керек, бірақ неге оны осыншама ұзын етіп жасайды?! Бұл 100 метрден асады, ал басқа жерлерде ең көп дегенде 30 метр ғана», – дейді тұрғындар.


Тұрғындар мен кәсіпкерлер әкімдікке, прокуратураға және жол полициясына жүгінді. Жақында мемлекеттік органдар өкілдері оқиға орнына келіп кетті.


Тұрғындар мәселенің шешімі ретінде автобус аялдамасын 6-37 үйдің жанына көшіруді ұсынды – ол жерде дайын автотұрақ бар. Сонымен қатар, оның қасында бағдаршам орнатылған, ал жақын күндері жаяу жүргіншілер өткелінің сызығы жүргізіледі. Бұл барлығына ыңғайлы болады деп есептейді тұрғындар.


«Әкімдіктегілер біздің мәселені қараймыз деп айтты. Бірақ соған қарамастан, құрылыс жалғасып жатыр. Біз автотұрақты бізге қалдырсын дейміз. Ал аялдаманы 6-37-ге көшірсін. Бұл көп шығынды қажет етпейді, есесіне барлығына қолайлы. Жол полициясы да бұл нұсқа ең дұрыс шешім екенін растады», – дейді тұрғындар.


Редакция қалалық әкімдік пен полиция департаментінің пікірін күтеді.



82
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!