Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда халықаралық жастар форумы аясында «Сана» сессиясы өтті

Ақтауда халықаралық жастар форумы аясында «Сана» сессиясы өтті

Ақтауда «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы аясында рухани-адамгершілік тәрбиенің маңызына арналған «Сана» сессиясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Сессияда тұлғаның жан-жақты дамуы, жастардың рухани және мәдени өсуі, адамгершілік құндылықтарды бойға сіңіру, тәрбиенің рөлі мен жеке дамудың маңызы секілді өзекті мәселелер талқыланды.


Шараға теолог Нұрлан имам Байжігітұлы, жастар арасында тұлғалық даму мен білімді насихаттаушы Данияр Жігітбек, сондай-ақ жастарды қолдау және дамыту саласының сарапшысы Рахат Қосбармақ спикер ретінде қатысты.


Жастар форумының мәні мен мазмұны тереңде жатыр. Себебі бұл форум - жастардың мәдениеті мен руханиятын, салт-санасын, тұлғалық дамуын жаңа заман талабына сай жетілдіруге ықпал ететін маңызды алаң. Мұнда жастар өзара тәжірибе алмасып, ой-пікірлерін бөлісіп, көрші елдерден келген қатысушылармен байланыс орната отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар форум барысында түркі тілдес халықтардың ортақ салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын сақтау және дамыту мәселелері де талқыланды. Жалпы, жастар үшін ең маңыздысы - тәлім, тәрбие және тәртіп екенін бұл жиын тағы бір мәрте дәлелдеді, - деді Нұрлан Байжігітұлы. 


Өз сөзінде Данияр Жігітбек форумға қатысушылардың белсенділік танытып, үлкен қызығушылықпен қатысқанын ерекше атап өтті.


Бүгінгі сессиямызда саналы болу жолдары, оның ішінде жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы сөз болды. Халықаралық жастар форумына келген қатысушылардың ықыласы өте ерекше. Форумға тек еліміздің әр өңірінен емес, шетелдік жастар да келіп қатысуда. Осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін. Себебі, бұл жиындар жәй жиын емес, неше түрлі идеялар мен шабыттың тоғысатын жері, - деді Данияр Жігітбек.


Ал Рахат Қосбармақ өз сөзінде қазіргі жастардың бойындағы қазақы тәрбие мен кішіпейілділіктің маңызына тоқталды. 


Қазақ жастарының ең үлкен байлығы - тәрбие мен кішіпейілділік. Үлкенге құрмет, кішіге ізет - біздің болмысымыздың негізі. Нағыз ер жігіттің бойында ар мен намыс, ұят пен жауапкершілік қатар жүруі керек. Заман қанша өзгерсе де, қазақы қасиеттен айырылмау - біздің парызымыз. Кішіпейілді болу - әлсіздік емес, нағыз парасаттылықтың белгісі. Ұлттық рухты сақтай білсек, ертеңіміз нұрлы болмақ, - деді Рахат Қосбармақ.


Сессия соңында форумға қатысушы жастар өз көкейкесті сұрақтарын қойып, спикерлерден жауап алды.

38
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!