Маңғыстауда «АМАNАТ» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті
Маңғыстауда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен облыстық мәслихаттағы «АМАNАТ» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиында үш негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» өңірлік жол картасының орындалу барысы, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвестициялық қызметі мен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы, сондай-ақ әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында 2023-2024 жылдары алты инвестициялық жоба іске қосылған. Сонымен қатар екі жыл ішінде 401 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 165 микрокредит беріліп, бүгінгі күнге дейін 3 500-ден астам шағын және орта бизнестің жобасы қолдау тауып отыр.
Сондай-ақ екі жылда облыста жалпы көлемі 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында бұл көрсеткіш 303 мың шаршы метрді құрады. Жол саласы бойынша биыл жалпы ұзындығы 200 км-ден астам жол жөнделді, оның ішінде МАЭК–Құрық учаскесі бар.
Жол картасының орындалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етті. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамып келеді, мектептер, ауруханалар, жолдар, тұрғын үйлер, мәдени нысандар салынуда. 2025 жылы облысымызда аса маңызды су тұщыту зауыттары, жаңа мектептер мен ауруханалар іске қосылды, – деді Тілек Жеткізгенұлы.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, жол картасының негізгі бағыттарын атап өтті.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты жоспары. Президент халық табысын арттыру, ең төменгі жалақыны өсіру, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын жаңғырту, жолдардың сапасын арттыру және экологиялық ахуалды жақсарту жөнінде тапсырмалар жүктеді. Бұл бастамалар біздің Жол картасында көзделген шаралармен толық үндесіп отыр. Сондықтан біз жол картасында белгіленген міндеттердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жол картасының 2025 жылдың 9 айындағы орындалу нәтижесі бойынша 95 тармақтың 66-сы жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін қосымша 27 тармақтың орындалуы жоспарланып отыр. Жол картасының жалпы орындалу көрсеткіші – 68,7 пайыз, жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 98 пайызға жетеді деп күтіледі.
Фракция отырысында депутаттар өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты. Қатысушылар әлеуметтік-экономикалық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, халықпен тығыз жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.