Мәслихат депутаттары жаһандық мақсаттарды жергілікті деңгейде жүзеге асырмақ

Ақтау қаласында мәслихат депутаттары жай күн тәртібін емес, адам мен табиғаттың болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Олар – Орнықты даму мақсаттарын өңірлік деңгейге енгізу жайын сөз етті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Еліміз жаһандық деңгейде қойылған орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) нақты іске асыруға кірісіп отыр.
Ақтауда өткен алғашқы аймақтық кездесуге әр деңгейдегі мәслихат депутаттары бас қосып, ОДМ-ды жергілікті даму жоспарларына енгізу жолдарын талқылады.
- Осы семинарға 40 депутат қатысып жатыр. Депутаттарға Орнықты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде қалай іске асыру керектігі үйретілуде. Орнықты даму мақсаттарының басты ұстанымы – ешкімді артта қалдырмау. Сондықтан әлеуметтік осал топтарды, әсіресе көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар адамдарды назардан тыс қалдырмау маңызды. Біздің мақсатымыз – депутаттар мен халық арасында көпір құру. Орнықты даму мақсаттары халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған, – деді БҰҰДБ сарапшысы Заур Бауыржанұлы.
Ақтаудағы кездесуде депутаттар БҰҰ Даму бағдарламасы ұсынған әдістемемен танысты. Олардың құзыретін арттыруға бағытталған сессиялар өтті. Қатысушылар өз өңірлерінде не өзгерту керек екенін ашық айтып, нақты ұсыныстарын айтты.
- Семинар барысында өңіріміздің даму жолдарын талқыладық. Аудан деңгейінде қандай мәселелерді көтеруіміз керек екенін ортаға салдық. Өзім үнемі назарда ұстап жүрген негізгі тақырыптар – экология, жұмыссыздық, су тапшылығы және әлеуметтік мәселелер. Осы мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарымызды айттық. Сонымен қатар, ауылдардағы бюджеттен қолдау таппай келе жатқан төрт жобаны қаржыландыру жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Нұргүл Алмасқызына өз ұсынысымды жеткіздім, – деді Мұнайлы аудандық мәслихатының төрағасы Берік Біләлов.
Айта кетейік, орнықты даму мақсаттары – БҰҰ 2015 жылы қабылдаған 17 жаһандық міндет. Бұл – кедейлікті жоюдан бастап, сапалы білім мен медицинаны қамтамасыз ету, экологияны сақтау, гендерлік теңдікке қол жеткізу, әділ қоғам құру сынды бүкіл адамзат үшін ортақ мәселелерді шешуге бағытталған бағдарлама.







