Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының арнайы экономикалық аймақтары арасында келісім жасалды

Ақтауда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы мен «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймақты басқарушы компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Арнайы экономикалық аймақтың баспасөз қызметі, бұл келісім Президент жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру жолындағы нақты қадамдардың бірі екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарап, олардың тиімділігін арттыруды тапсырған болатын.
Меморандум аясында тараптар өңірлерді дамытуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асыруға, инвестиция тарту және инновацияларды қолдау үшін қолайлы орта құруға уағдаласты. Сондай-ақ, келісімде мемлекеттік активтерді басқарудың тиімді жүйесін енгізу және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша бірлескен шаралар қарастырылған.
«Ақтау теңіз порты» АЭА – Қазақстандағы ең табысты арнайы экономикалық аймақтардың бірі. 2024-2025 жылдары аймақтың жалпы аумағы екі жарым есе ұлғайып, құрамына Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау қаласының жағалау бөлігі, Жаңаөзеннің өндірістік аймағы және Саржа теңіз терминалы қосылды.
«Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Мүбәрак Төлегеновтің айтуынша, тағы бір жасалған маңызды қадам - басым қызмет түрлерінің тізімі 24-тен 45-ке көбейді. Олардың қатарында: құрылыс, абаттандыру, туризм, санаторлы-курорттық қызметтері, тоқыма бұйымдары өндірісі, су өңдеу, кеме және әуе кемелерін жөндеу, көлік және басқа да өндіріс түрлері бар.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінің бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен экономикалық аймақтың қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылды. Бұл алдағы ондаған жылға үлкен жоспарларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.
Бүгінде экономикалық аймақта отандық кәсіпкерлерден өзге Италия, Түркия, Германия, Әзербайжан, Қытай және Сингапур компаниялары өндіріс ашып, жобаларын сәтті жүзеге асыруда.
«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймақты басқарушы компаниясының өкілдері Ақтауға арнайы келіп, тәжірибе алмасуға ниет білдірді.
Жасалған меморандум екі өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыруға ықпал етпек.
