Ақтауда «Тегін заң көмегі» акциясы өтті

Ақтауда Әділет департаментінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрғындарға арналған «Тегін заң көмегі» акциясы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Акцияның негізгі мақсаты – халықтың көкейіндегі сұрақтарға тегін әрі толыққанды жауап беру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Шараға адвокаттар, заң консультанттары, жеке сот орындаушылары мен нотариустар қатысты. Мамандар азаматтарға күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.
Маңғыстау облыстық Әділет департаменті ай сайын тұрақты түрде халыққа құқықтық көмек көрсету акциясын өткізеді. Бұл шараға заң қауымдастығының өкілдері қатысады. Алдағы уақытта тұрғындарға арналған осындай акцияларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Маңғыстау облысының әділет департаментінің бөлім басшысы Айнұр Исакова.
Акцияда тұрғындар жер даулары, алимент өндіру, мұрагерлік рәсімдерді жүргізу тәртібі, еңбек қатынастары, адвокат қызметін дұрыс пайдалану жолдары және өзге де заңнамалық мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар халықтың заңға деген сенімін арттырып, құқықтық мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
