КЖСА желілерді жөндегеннен кейін жолдардың неге қалпына келтірілмейтінін түсіндірді

Ақтау тұрғындары жерасты коммуникациялары жөнделгеннен кейінгі бүлінген жолдардың жай-күйіне қатысты шағымданып келеді. Otpannews.kz тілшіcі қала әкімінің журналистермен кездесуінде Әбілқайыр Байпақовтан шағынаудандардағы ішкі жолдар мен тротуарлардың қашан қалпына келтірілетінін сұрады.
– Иә, бұл проблема бар және тұрғындардың шағымы толығымен орынды. Жөндеу жұмыстарынан кейін КЖСА мен АУЭС учаскелердегі жол мен тротуарды ұзақ уақыт бойы қалпына келтірмейді. Аталған мекемелер мұндай олқылықты жөндеуге жылдың соңында ғана кіріседі. Біз бұл тәжірибені өзгертеміз, - деді қала әкімі.
Әбілқайыр Байпақов орталық жылу трассасы туралы да айтты.
– Маған «жылу трассасындағы жұмыстар аяқталды, бірақ жөндеу жұмысы жасалған жерлер неге қалпына келтірілмеген» деген сұрақты жиі қояды. Жұмыс аяқталғанымен, дәнекерленген жерлерді ультрадыбыстық тексеруден өткізу үшін қазылған жерлерді әлі жөндемедік. Біз монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін ешқандай ақау болмайтынына толық көз жеткізгіміз келеді. Жылу, су, кәріз желілері жөнделіп жатқан шағынаудандарда да осындай қолайсыздықтар туындап отыр. Бірақ мұның бәрі - уақытша. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін асфальт төселеді. Мысалы, 15 шағынауданда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, біз жерасты коммуникациялары толық бітпейінше, асфальт төсей алмаймыз. 16 шағынауданға қатысты да шағым көп – лас, шаң, жол жоқ. Сәл ғана сабыр керек – бәрі қалпына келтіріледі, – деді Әбілқайыр Байпақов.
Белгілі болғандай, жыл бойы коммуналдық кәсіпорындар әртүрлі учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кейін сол учаскені қалпына келтіруге конкурс жариялайды. Жоспарлы жұмыстар кезінде асфальтты қалпына келтіру шығындары алдын ала қарастырылады, апатты жағдайлардан кейін де қалпына келтіру үшін КЖСА-ның бюджетінен қаражат бөлінеді. Алайда асфальттың жоқ болуына басқа мәселе себеп болып отыр. Айтуларынша, КЖСА-ның асфальт жеткізуге арналған келісімшарты жоқ, ал кәсіпорын зауыттан тікелей және өз бетінше сатып ала алмайды. Бұл келісімшартты неге алдын ала ойластырмадыңыздар деген сауалға мекеме жауап берген жоқ.
– Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жылына бір рет жарияланады, мердігер анықталады, бірақ бұл конкурстарға ешкім қатыспайды. Сондықтан КЖСА жөндеу жұмыстарынан кейін жолдар мен тротуарларды қашан қалпына келтіретінін нақты айта алмайды. Менің ойымша, біздің заңгерлер асфальт жеткізуге байланысты келісімшарт мәселесін шешудің жолын табады, – деді қала әкімі.
