Ақтауда Президент жолдауындағы экологиялық мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті

Ақтауда «Байтақ» жасылдар партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Президент жолдауындағы экологиялық мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға «Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалының төрағасы Аллаберген Қонарбаев, партияның саяси кеңес мүшелері және Yessenov университетінің мамандары қатысты.
Жиында жолдауда көтерілген қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, су тапшылығын шешу, жасыл экономикаға көшу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар бұл бағыттағы партияның ұстанымдарын ортаға салып, алдағы атқарылатын жұмыстарды нақтылады.
«Байтақ» жасылдар партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Аллаберген Қонарбаев жиынның маңызына тоқталды.
- Президентіміздің экология мәселелеріне ерекше көңіл бөлуі – болашақ ұрпақтың өміріне жасалған маңызды қадам. Маңғыстау өңірі үшін су тапшылығы, шөлейттену, өндірістік қалдықтар мен ауа сапасы – өзекті мәселе. Біз партия ретінде нақты жобалар ұсынып, қоғаммен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, – деді Аллаберген Қонарбаев.
Сондай ақ, университет ғалымдары аймақтың экологиялық жағдайын ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттігін алға тартып, студенттер мен жастардың осы саладағы белсенділігін арттыру жолдарын айтты.
Жиын қорытындысында қатысушылар аймақтық экологиялық мәселелерді шешу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге уағдаласты.
