Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Мейірман Құлбаев - аяқ киім жөндеудің шебері

Otpan News
|
18.09.2025 13:28
Мейірман Құлбаев - аяқ киім жөндеудің шебері

Қазақ халқының етікшілік, аяқ киім тігу дәстүрі – көшпелі өмір салтынан бастау алатын көне қолөнердің бір саласы. Ол тек аяқ киім тігумен шектелмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тұрмыс мәдениетін, шеберлік мектебін танытады. Етікшілік өнері Маңғыстауда да өз ізін қалдырды. Бүгінде аяқ киімді жөндеп, оған екінші өмір сыйлап жүрген жандардың бірі – Мейірман Кұлбаев. Otpannews.kz сайтының тілшісі шебермен әңгімелесті.


Мейірман Кұлбаев – аяқ киім шебері. Ол аяқ киім жөндеу ісімен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Бұл кәсіпке оның қызығушылығы жас кезінен оянған. Бір күні аяқ киім жөндеушінің жұмысын көріп, «осы істі үйренуім керек» деп шешкен.


- Бұрын вахталық жұмыс істедім, сол кездері зейнетке шыққан уақытта немен айналысамын деп ойлайтынмын. Бір күні інімнің үйіне барғанда үйдің жанынан ашылған аяқ киім жөндеу дүкенін көріп, жұмыс процесіне көзім түсті. Бірден қызығушылығымды оятты. Қазірде сол қызығушылық өзімнің жеке шеберханамды ашуға әкелді,- дейді аяқ киім шебері. 


Кейіпкеріміз алғаш 2014 жылы шағын аяқ киім жөндейтін шеберханасын ашып, жұмысын кәсіби түрде бастады. Зейнет жасында болса да, бұл іс Мейірман аға үшін әрі ермек, әрі адамдарға пайдасын тигізетін сүйікті кәсіпке айналды.


Мейірман ағаның шағын шеберханасында аяқ киімге қажет барлық құрал-сайман бар. Етіктің сынған замогын ауыстыру, туфлиді кеңейту, табаны түскен бәтеңкені қайта жасау – Мейірман Кәкейұлы үшін түкте қиын емес. Аяқ киіміңіздің қандай ақауы болмасын шебер Мейірманның қолынан жөнделмей шықпайды. 


- Осы кәсіпке келгелі аяқ киімді жөндеуге қажет барлық құрал-жабдықты ерінбей жинадым. Бұл – кәсіптің жылжуына және келген тұтынушының қажетін өтеу үшін өте маңызды. Арасында көршілер керек құралдарын сұрап келіп те тұрады,- дейді ол. 


Жұмысты мезгіл талғамай жасайтын Мейірман Кұлбаев адамдар аяқ киімдердін жөндетуге көбінесе қыс мезгілінде келетінін айтады. Шебер тұтынушыларына аяқ киімді жөндеп беріп қана қоймай, оны күтіп ұстау туралы да кеңес береді. 


- Адамдар аяқ киім ақауын жөндетуге қыста көп келеді. Себебі етіктің тақасы, замогы бұзылып қалады. Әйел адамдардың етіктерінің балтыры тар болып қалады. Ал жазда көпшілік жеңіл аяқ киімдер киеді ғой. Олар аса бүліне қоймайды. Тұтынушыларыма үнемі аяқ киімді күтіп ұстау керек екенін айтамын. Спорттық аяқ киімдерді кір жуғыш машинаға салып жууға болмайды: клейі кетіп қалады, оны жай сүртіп тазалау керек. Классикалық былғары туфлиді майлап тұру маңызды, сонда өңі кетпейді,- дейді Мейірман Кәкейұлы. 


Аяқ киім жөндеумен қатар, Мейірман мызра тұрғын үй кілтінің көшірмесін де жасайды. Қарапайым кілт қана емес, көлік кілті мен подъезд домофонын ашатын чип кілттерін де дайындап береді.


Қолы алтын шебердің жоспары да ауқымды: алдағы уақытта көмекші жұмысшылар алып, дүкенін кеңейтіп, мәсі тігу ісін жолға қоймақ. Кәсібінің қыр-сырын әбден меңгерген Ерман Құлбаев еңбектегі басты қағида өз ісіңді сүю дейді. 


- Шебер болу үшін ең әуелі шыдам керек. Істі шын сүйіп, еңбектен қашпасаң ғана нәтиже шығады,- деді ол сөз соңында.


Ақырыс БИСЕНОВА

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!