Маңғыстауда «FSM Social» цифрлық платформасы арқылы әлеуметтік көмек көрсету жұмысы жанданды

Биыл Маңғыстау әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мақсатында «FSM Social» цифрлық платформасы іске қосылды. Бүгінде бұл жүйемен 484 мобильдік топ мүшесі жұмыс істейді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасын қолдау орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Назила Қаржаубаева айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 787 адамға әлеуметтік көмек көрсетілген. Оның ішінде психологиялық – 289, құқықтық – 57, өзге бағыттар бойынша – 441 қызмет тіркелді.
– «FSM Social» цифрлық платформасы арқылы 68 сигнал тіркелген. Оның 63-і – пробация қызметінен, екеуі – жергілікті полициядан, «111» байланыс желісінен және комиссия тарапынан бір-бірден жолданған. Бұл сигналдардың негізінде 235 кеңес берілді. Пробация қызметінен түскен бір жағдай бойынша азамат орталықтың тұрақты сүйемелдеуіне алынып, онымен Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Айта кетейік, бүгінгі таңда орталық «Отбасы банк» АҚ-ның Маңғыстау филиалымен бірлесіп, тұрғындарға кеңес беру қызметін де ұсынып отыр,- деді Назила Қаржаубаева.
Брифинг барысында «Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысының орынбасары Гүлшат Сүлейманова 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жанұя» отбасын қолдау орталығы былтыр қайта жанданып, қызмет бағыттары кеңейгендігін мәлімдеді.
Оның айтуынша, өзгеріс ҚР Премьер-Министрінің орынбасары бекіткен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау стандартына сәйкес жүзеге асты.
– Былтыр 11 шілдеде қабылданған Ақтау қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде орталық енді мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық кеңес беру бағыттарында жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, биыл қаңтарында қала әкімінің өкімімен қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтап, көмек көрсету үшін мобильдік топ құрылды. Орталықта бүгінде 23,5 штаттық бірлік бойынша мамандар қызмет етеді,- деді Гүлшат Сүлейманова.
