Маңғыстауда студент қолдан табиғи эфир майын жасайды
Айару Борашева Атыраудағы жоғары оқу орнында биотехнология факультетінің 4 курсында оқиды. Ол қазіргі кезде Маңғыстауда өсетін розмарин, тимян шөптерінен қолдан таза әрі табиғи эфир майын жасайды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Үй жағдайында эфир майын жасап жүрген студент қалған қалдықтан антисептик дайындайды. Эфир майынан бөлек розмариннен диффузор, хош иістендіргіш пен шай жасайды. Айару өнімдерді жасап шығаратын шикізатты Мұнайлы ауданының аумағында жұмыс істеп тұрған "Narimanagro" жылыжайының иесі Нұрқия Бекниязованың жылыжайынан алады.
"Жылыжайда розмарин мен тимян шөптерін көп егемін. Иісі хош иісті. Бұл шөптердің пайдасы да өте зор. Студент Айару өз ісімді бастағым келеді деген соң оған көмектестім. Жылыжайда өсіп тұрған табиғи шөптерден таза өнім шығарып жүр.",- деді "Narimanagro" жылыжайының иесі Нұрқия Бекниязова.
"Бір ауыл - бір өнім" жобасына қатысып жатқан студент егер қаражат бөлінсе, май алатын арнайы құрылғы сатып алып, өнімді маңғыстаулықтарға ұсынатынын айтады.
"Үй жағдайында ыдысқа розмарин шөбін 10 сағат бұқтырамын. Осы уақыт аралығында шөптен май бөлінеді. 10 кг розмарин шөбінен 10 мл май шығады. Мен таза эфир майын жасап, одан қалған қалдықтарды пайдаға асыру мақсатында хош иістендіргіштерді жасаймын. Әзірге өнімді сатылымға шығарған жоқпын. Бірақ өз жерімізде өскен шөптен жасалған эфир майы мен шай, диффузор, антисептиктерді тұрғындарға ұсынғым келеді",- деді биотехнология факультетінің 4 курс студенті Айару Борашева.