Otpan News Logo

Ақтаулық 10 жасар ғалым астрофизиканы зерттеп жүр

|
30.04.2026 16:04
Ақтаулық 10 жасар ғалым астрофизиканы зерттеп жүр

Ақтаулық Әкім Қараман ғылымға қызығады. Телефонды тек пайдалы ақпарат алу үшін қолданатын Әкім Қараман – 10 жаста. Жас ғалым астрономия, тарих ғылымдарын меңгеріп жүр. 5-сыныпта оқыса да химия, физика ғылымдарына қызығып, өз бетімен зерттеулер де жасайды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Әкім сурет салғанды жақсы көреді. Ол бос уақытында тарихи фильм тамашалап, ағылшын тілін үйренеді. Болашақта астрофизик болуды армандайтын бала әлемде қанша ел барын, олардың ауданы туралы ақпарат пен өзге де географиялық мәліметтерді де қолындағы смартфоннан алады. 


“Мен астрофизик болғым келеді. Біздің елде IQ Test тапсырғандар арасындағы жоғары көрсеткіш – 92. Мен болашақта мықты ғалым болып, елдің атын шығарғым келеді”,- дейді Әкім Қараман. 


Әкім су асты әлемі туралы да біледі. Ол байырғы Тетис мұхиты туралы сөз қозғап, жасаған зерттеуімен де бөлісті. 


“Бұрын Тетис мұхиты болған. Мұхитты үлкен динозаврлар мен акулалар да мекендеген. Динозаврлар өте көп су ішкен. Соның нәтижесінде жылдар өтіп, мұхит тартылған. Әлемде Тетистен қалған теңіздер бар, олар – Каспий мен Қара теңіз. Бұған дәлел өлкеден табылған динозавр қаңқалары мен тістері”,- дейді жас ғалым Әкім. 


Әкімнің нағашы атасы немересінің географияға деген қызығушылығын ашқан. Анасы Әйкерім – тарих мұғалімі. Тарих пен география Әкімді ғылымға жетеледі. 


“Баламның үлкен азамат болғанын қалаймын. Ол нағыз ер болсын деп бала күнінен жауапкершілікті өзіне бердім. Ұлымды ересек адамдай қабылдаймын. Тіпті тамақтанып болғасын ас қайырады. Өзі бала күнінен алғыр, ересек секілді ойлап, сөйлейді”,- дейді Әкімнің анасы Әйкерім Саматқызы.
79
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!