«Таза Қазақстан»: Маңғыстауда «Жасыл болашақ» экологиялық науқаны өтті
25 сәуір күні өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны аясында «Жасыл болашақ» атты ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Облыс аумағында өткен бұл науқанға 12 мыңға жуық адам қатысып, 5 мың түп ағаш егілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Биылғы жылдың 23 наурызында басталған экологиялық айды қорытындылаған бұл жиын қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және өңірді көркейту жолында ұйымдастырылды. Ақтаудағы науқан “Тұңғыш Президент” саябағында өтті.
Шараның маңызды бөлігі ретінде сағат Қазақстан Республикасының Президентімен тікелей телемост байланысы орнатылды. Жиынға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ағаш екті.
«Бүгінгі сенбілік – еліміздің жарқын болашағы жолындағы маңызды қадам. «Таза Қазақстан» бастамасы – әр азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыратын игі іс.
Бүгін біз Президентімізбен тікелей телекөпір арқылы байланыс орнатып, ел бойынша жүзеге асып жатқан ортақ мақсаттың бір бөлігі екенімізді тағы бір мәрте сезіндік. Бұл – баршамызды біріктіретін, жасыл әрі таза болашаққа бастайтын маңызды бастама.
Әр отырғызылған ағаш – келер ұрпаққа қалдырылған аманат. Баршаңызды табиғатты аялауға, туған жерімізді көркейтуге белсенді атсалысуға шақырамын»,- деді аймақ басшысы.
Салтанатты жиын барысында экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосқан азаматтар бірнеше номинация бойынша марапатталды. «Экобренд» номинациясы бойынша жусаннан табиғи хош иістендіргіш жасаған Саяспи Кемаловаға «Rixos» қонақүйіне жолдама берілсе, «Экостартап» иегері Асар Қойсарыға шыны бөтелкелерді кәдеге жаратқаны үшін «Өмір глэмпинг» демалыс орнына жолдама табысталды. Сонымен қатар «Экоотбасы» атанған Кибас Гүлайымның отбасы мен теңіз түбін қоқыстан тазалап жүрген «Экобатыр» Қанат Абдиев арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік шара аясында волонтерлер мен жас экологтар да назардан тыс қалмады. Облыс әкімінің орынбасары Мәлік Абдыкадыров пен тиісті департамент басшылары белсенді еріктілерге, жас суретшілерге және шахмат турнирінің жеңімпаздарына алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
Саябақ аумағында экоөнімдер жәрмеңкесі, сурет салу алаңдары және экодағдыларды қалыптастыру бойынша мастер-кластар параллельді түрде жұмыс істеп, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға септігін тигізді.