Домбыраны ұшақ бортында алып жүруге рұқсат етілді
ҚР Көлік министрлігі «Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» тиісті бұйрыққа өзгеріс пен толықтыру енгізіп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, азаматтардың өтініші негізінде алғаш рет нормативтік деңгейде жолаушылардың музыкалық аспаптарды (оның ішінде домбыра мен қобызды) футлярда әуе кемесінің салонында қол жүгi ретінде тасымалдау құқығы бекітіледі. Бұл ретте олардың өлшемдері 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 келіден аспауы тиіс.
Аталған түзетулерге сәйкес, егер жолаушы тек бір музыкалық аспапты, яғни домбыраны алып жүрсе, оны тасымалдау қол жүгі ретінде тегін өткізеді. Ал музыкалық аспап қол жүгінің қосымша бөлігі ретінде тасымалданған жағдайда, белгіленген нормадан асатын жүк үшін әуе компанияларының қолданыстағы қағидаларына сәйкес ақы алынады.
- Бұл түзетулерді қабылдау жолаушылардың құқығын қорғау деңгейін арттыруға және әуе көлігінде музыкалық аспаптарды тасымалдауды реттеуді жетілдіруге бағытталған. Түзетулерді қабылдаудың болжамды мерзімі – 2026 жылғы мамыр айының соңына дейін, - деді Көлік министрлігі.