Маңғыстауда инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйесі енгізілді
Инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект бірқатар өңірде өлім-жітімді 40%-ға төмендетуге көмектесті. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Елімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 50-ден астам AI-агенттер белсенді түрде қалыптасуда. Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында ЖИ-ді медицинада және кәсіпкерлікте енгізу туралы баяндады. Атап айтқанда, Cerebra AI жүйесі бірқатар өңірде инсульттан болатын өлім-жітімді 40%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Бизнесті бастау бойынша Қаржы министрлігімен бірлескен жоба кәсіпкерлерге операциялық шығындарды 2 есеге қысқарта отырып, оңтайлы орындарды таңдауға көмектеседі.
«Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі - Cerebra AI. Бұл - инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді», - деп атап өтті министр.