Ақтауда өткен «Бірлік кубогы» турниріне 130-дан астам спортшы қатысты
Ақтау қаласында Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында «Бірлік кубогы» атты спорттық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Іс-шараны Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізді. Турнирдің негізгі мақсаты – өңірдегі этносаралық татулықты нығайту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және достық қарым-қатынасты дамыту.
Аталған спорттық додаға этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея жастарының, сондай-ақ өңірдегі жоғары және арнаулы орта білім беру ұйымдарының студенттік ассамблеяларынан құралған он команда, жалпы 130-дан астам спортшы қатысты. Атап айтқанда, «Карабах» әзірбайжан, «Пахтакор» өзбек, «Русское землячество» орыс этномәдени бірлестіктері, «JASTAR RUHY» жастары және Маңғыстау туризм колледжі, Маңғыстау энергетикалық колледжі, Есенов колледжі, Маңғыстау гуманитарлық колледжі, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі, Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі, «BIG QADAM» командалары бақ сынады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Абзал Марат сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов аталған турнир бес жыл бойы өткізіліп отырғанын айтты.
Жарыс бірнеше спорт түрлері бойынша өтті. Атап айтқанда, футбол, үстел теннисі және шахмат ойындары ұйымдастырылды.
Сайыс жеңімпаздары дипломдармен және медальдармен марапатталды.
Футболдан І орынды Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі, ІІ орынды Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі және ІІІ орынды Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі жеңіп алды.
Ал теннис спортынан І орынға Родион Уклеин, ІІ орынға Дархан Куван және ІІІ орын Рада Серік ие болды.
Шахматтан ұлдар арасында І орынды Мейрамбек Рабил, ІІ орынды Ысыкбек Қазыбеков, ІІІ орынды Жантілек Жарбосын иеленді. Ал қыздар арасында І орынға Ангелина Полякова, ІІ орынға Гүлназ Уристимбетова, ІІІ орынға Гүлназ Наурызбаева ие болды.