«Қазақтар – біздің бауырларымыз»: Ақтауда екінші үйін тапқан көпұлтты отбасының тарихы
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында otpannews.kz редакциясы Гүлчибер Гумеровамен сұхбаттасты.
Гүлчибер мен оның жұбайы Тимур Башқұртстанда дүниеге келіп, инженер мамандығы бойынша білім алған. Олардың бойында татар және башқұрт қаны бар, екеуі де орыс, татар және башқұрт тілдерін меңгерген.
«Мектепте де, отбасымызда да бізді ешқашан этносқа бөліп қараған жоқ. Басқа мәдениеттерге құрмет пен бауырластық рухында тәрбиелеу өте күшті болды, біз соны бойымызға сіңірдік. Бірінші сыныптағы оқулығымның мұқабасы әлі есімде. Онда қол ұстасқан татар, қазақ, башқұрт, орыс, осетин, белорус, удмурт балалар бейнеленген. Бізді бірлік рухында тәрбиеледі», – дейді Гүлчибер.
Жұбайы жұмыс бабымен Қазақстанға ауысатынын айтқанда, Гүлчибер бұл жаңалықты қуана қабылдаған. «Қазақтар – біздің бауырларымыз» деген ой сол кезде-ақ қалыптасқанын айтады. Ол бұған дейін Қазақстан туралы тек әдемі қыздарымен танитынын және көк туын шанырағымен бірге оңай ажырата алатынын жеткізді.
«Шын мәнінде бізді көп нәрсе жақындастырады – ұлттық музыка, киімдер, түркі негізіндегі ұқсас тілдер. Біз бірден өзгерістерді ризашылықпен қабылдап, тағдыр берген мүмкіндікті толық пайдалануға шешім қабылдадық», – дейді ол.
Отбасының жаңа елде орнығуына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Башқұрт этномәдени бірлестігі көмектескен. Сол жерде ол татар және башқұрт орталықтарының мүшелерімен танысып, бүгінде екі ұйыммен де тығыз жұмыс істейді. Жыл бойы Сабантой секілді мерекелер мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Отбасының басты басымдықтарының бірі мемлекеттік тілді үйрену болған. Татар және башқұрт тілдерінің негізі бар болғандықтан, Гүлчибер қазақ тілі курстарына барып, оны жүйелі түрде меңгерген.
«Үйде татарша сөйлейміз, ұлым мектепте қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйреніп жүр. Мектепте халықтар бірлігі жақсы қолдау табады. Биыл мысалы, екінші сынып оқушылары мектептегі барлық этностар туралы ортақ бейнеролик түсірді. Ұлым Мұса ұлттық киіммен қатысты. Ол мектеп іс-шараларына белсене араласып, қазақ тілінде еркін сөйлейді» – дейді Гүлчибер.
Курстардың арқасында Гүлчибер ұлының қазақ тілі сабағына көмектесіп, балабақшаға баратын қызына да үйретіп жүр.
«Ас үй де мәдениетті тануға көмектеседі. Ұлымнан жиі не дайындайтынымызды сұраймын. Мысалы, бүгін қазақ және башқұрттың ортақ тағамы – ет жасайық деймін. Үйде көбіне татар асханасы басым – кыстыбый, чак-чак, бауырсақтар (татар бауырсағы казақтардың бауырсағынан ерекшеленеді), бірақ жалпы дастарханымызда әртүрлі ұлттың тағамдары бар», – дейді ол.
Отбасы Ақтауда төрт жылдан бері тұрады. Осы уақыт ішінде олар үлкен жолдан өтіп, рухани тұрғыдан байыған.
«Қазақстан мені бірден патриотизм деңгейімен таңғалдырды, бұл бізді шабыттандырады. Ассамблеяның арқасында өз халқыңды таныстыруға мүмкіндік бар. Татар орталығында мен би үйірмесін жүргіземін, татар тілінен сабақ беремін, Маңғыстау облысы қолөнершілер қауымдастығының мүшесімін, кондитер ретінде де белсендімін және қаладағы көптеген іс-шараларға қатысамын», – дейді ол.
Гүлчибердің ұлы өз отбасын бақытты деп санайды. «Анашым, бізде үш үй бар – Уфада, әженің ауылында және Қазақстанда», – дейді ол.
«Біз тұрып жатқан елдің мәдениетінің бір бөлігі болуға тырысамыз. Жұма күндері жеті нан пісіріп, көршілерге таратамыз. Наурызда және басқа да мерекелерде бір-бірімізді қонақ етеміз. Алдағы жоспар – қазақ биін үйрену. Қазақстан халқының бірлігі күні барша манғыстаулықты шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына денсаулық, береке, бейбітшілік және жарқын болашақ тілеймін!», – дейді Гүлчибер.