Маңғыстау туризм колледжінің түлегі Испаниядағы мейрамханада бас аспаз боп қызмет етеді
Маңғыстау туризм колледжін 2016 жылы «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша тәмамдап, «технолог-менеджер» біліктілігін иеленген түлек Шыңғыс Заруов халықаралық деңгейдегі кәсіби маман атанды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Білім басқармасының хабарлауынша, Шыңғыс Заруов экологиялық тазалығы, жаңартылатын энергияны қолдануы және қалдықсыз өндірісі үшін Мишлен жасыл жұлдызы бар Zelai Txiki мейрамханада бас аспаз қызметін атқарады. Ол Испанияның Ласарте-Ория қаласындағы Basque Culinary Center-де магистратураны үздік аяқтады. Бұл білім беру ұйымы - әлемдегі жетекші гастрономиялық оқу орындарының бірі, инновация мен жоғары аспаздық өнерді ұштастыратын білім ордасы.
- Қазіргі таңда Шыңғыс ас үйдегі маңызды бағыттар – балық өнімдерін өңдеу, ашық отта тағам дайындау және ферментация үдерістеріне жауап беретін білікті маман. Біз осындай шәкірттерімізбен мақтанамыз, - дейді Маңғыстау туризм колледжі.