«AMANAT» өтінішке жедел жауап берді: Ақтаудағы перинаталдық орталықта шұғыл шара қабылданды
«AMANAT» партиясының өкілдері Ақтау қаласының 26-шағынауданында орналасқан облыстық перинаталдық орталыққа барып, пациенттердің жағдайы мен мекеменің жұмысын бағалады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл сапарға тұрғындардың өтініші мен әлеуметтік желілерде кеңінен таралған, қоғам назарын аудартқан ақпарат себеп болды.
Тексеру барысында депутаттар жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті мемлекеттік органдармен жедел байланыс орнатты. Нәтижесінде бұрын тіркелген тұрмыстық техниканың уақытша істен шығуына байланысты қолайсыздықтардың қысқамерзімді болғаны және қазіргі таңда толықтай жойылғаны белгілі болды.
Сонымен қатар, пациенттердің жайлылық деңгейін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев пен облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен мекемеге нақты көмек көрсетілді. Перинаталдық орталыққа 10 электр шәйнек және сыйымдылығы 23 литр болатын 2 термопот берілді.
Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, тіпті қысқа мерзімді техникалық ақаулардың өзі дер кезінде назар аударып, нақты шешім қабылдауды қажет етеді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатқан кезеңде мұндай қолдау шаралары мекеменің қажеттілігін жедел өтеуге мүмкіндік береді.
«AMANAT» партиясының өкілдері әлеуметтік маңызы бар нысандардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беруді бақылауда ұстайды.