Маңғыстауда балық өсіру кешенінің құрылысы басталды
Түпқараған ауданына қарасты Қызылөзен ауылында бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және қара уылдырық өндіру кешенінің іргетасы ресми түрде қаланды. Бұл стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаны «RED PEARL» балық фермасы» ЖШС жүзеге асырмақ, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ігілікті іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Жұмажанұлы, «Red Pearl» балық фермасының құрылтайшысы Рей-де Руддер Кристиан Эдвин, сондай-ақ өңір ардагерлері мен қоғам өкілдері арнайы қатысты.
Аталған жоба балық шаруашылығы саласын дамытуға және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды инвестициялық бастамалардың бірі болып отыр. Оны жүзеге асыруға «Swiss Choice Holding» швейцариялық компаниясы қатысуда және жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылуда.
Жоба жылына 100 тоннаға дейін бекіре тұқымдас балықты өңдеуге және 10 тоннаға дейін қара уылдырық өндіруге мүмкіндік беретін заманауи, жоғары технологиялы кешен салуды көздейді. Кәсіпорында аквакультура саласындағы озық халықаралық технологиялар мен әлемдік тәжірибелер енгізіліп, бекіре тұқымдас балықтардың бірнеше түрін өсіру жоспарланған.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
«Бүгін біз Маңғыстау облысы үшін жаңа өсу нүктесіне айналатын стратегиялық маңызы бар жобаның іргетасын қалап отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалуының көрінісі. Жоба бұған дейін инвестор тарапынан Мемлекет басшысына таныстырылып, қолдау тапқан. Бүгін соның іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Бұл – Президент тапсырмаларының жүйелі түрде орындалып жатқанын айғақтайды. Жобаның жүзеге асуы озық технологияларды енгізуге, бәсекеге қабілетті өндіріс қалыптастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, азық-түлік қауіпсіздігі күшейеді, салық түсімдері артады. Бұл жоба өңірдің тұрақты дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналып, Қазақстанның Каспий өңіріндегі инвестициялық тартымдылығын нығайтады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жобаны іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде кемінде 40 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Алдағы уақытта жоба инфрақұрылымның дамуына, салық түсімдерінің артуына және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне мультипликативті әсер етеді.
Жалпы «RED PEARL» балық фермасының іске қосылуы Каспий өңірінде қара уылдырық өндіретін бәсекеге қабілетті өндіріс қалыптастыруға жол ашып, Маңғыстау облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.