Otpan News Logo

Маңғыстауда брайль қаріпі бойынша оқу сайысы өтті

|
26.04.2026 21:31
Маңғыстауда брайль қаріпі бойынша оқу сайысы өтті

Бүгін, 26 сәуір күні Ұлттық кітап күніне орай «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» апталығы аясында зағип оқушыларға арналған «Адам оқыған сайын биіктейді» атты брайль қаріпінде кітап оқу сайысы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.


Байқаудың қазылар алқасы құрамында Маңғыстау облыстық орталық Бекет ата мешітінің наиб имамы Жұмабай Қуандықұлы, Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған филиалының қоғамдық қызметкері Қуаныш Ыбраев пен арнайы бөлім тифлопедагогы Саида Құсайынова болды.


Сайыс барысында қатысушылар оқыған кітаптарының санын атап, оларды әдеби тілде әділ қазылар алқасына баяндады. Сондай-ақ қазылар алқасы таңдаған брайль қаріпіндегі кітаптың бір бетін 1 минут ішінде оқып, қойылған сұрақтарға жауап берді.


-Бұл сайыс былтыр 29 қарашада басталған. Осы уақытқа дейін балаларға кітаптар беріліп, олардың дайындығы пысықталды. Бүгін міне, қорытынды кезеңіне жеттік. Іс-шараның негізгі мақсаты – смартфон дәуірінде балаларды виртуалды әлемнен алшақтатып, кітапқа деген қызығушылығын арттыру және оқу мәдениетін қалыптастыру. Байқауды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешіті мен Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапхананың арнайы бөлім филиалы бірлесіп ұйымдастырды. Сайысқа облыстық арнайы мектеп-интернатының 6 оқушысы қатысты, - деді Гүлфаризат Құсайынқызы.


Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстау облыстық арнайы мектеп-интернаты оқушылары арасында 1-орынды Көркем Сұлтан, 2-орынды Гүлмира Жәнібекова және 3-орынды Ақбөбек Ескендір иеленді. Ал ынталандыру сыйлығы Айболат Асылбек пен Нұркелді Мұратқа табысталды.

64
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!