Маңғыстауда шала туған сәбилердің көру қабілетін сақтайтын ота жасала бастады
Бұдан былай «Ана мен бала» перинаталдық орталығында шала туған нәрестелерге ретинопатия диагнозы бойынша жоғары технологиялық офтальмологиялық операциялар жасалады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа қызметті іске қосу үшін медициналық мекемеде заманауи «АЛОД-01» диодты лазерлік аппараты пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға демеушілер қолдау көрсеткен. Құрылғы ретинопатияны ерте кезеңде анықтауға және дер кезінде ем жүргізуге қауқарлы.
Осыған дейін мұндай диагноз қойылған нәрестелер ем алу үшін Алматы және Астана қалаларына жіберілетін. Енді жоғары мамандандырылған көмек Маңғыстау облысының өзінде көрсетіледі. Бұл шешім өңірдегі барлық аудан мен қалалардан келетін шала туған сәбилерді қамтып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Дәрігерлердің түсіндіруінше, ретинопатия – көздің тор қабығындағы қан тамырларының дұрыс дамымауынан туындайтын қауіпті ауру. Уақытында емделмесе, ол көру қабілетінің нашарлауына немесе толық жоғалуына әкелуі мүмкін.
Мамандар жаңа технологияны енгізу шала туған нәрестелер арасында көру қабілетін жоғалту және мүгедектіктің алдын алуда маңызды рөл атқаратынын айтып отыр.