Ақтауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа тұжырымдама талқыланды
Ақтауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа тұжырымдама жобасын талқылауға арналған кеңейтілген дөңгелек үстел өтті. Жиынға ардагерлер, азаматтық қоғам өкілдері мен өңір белсенділері қатысты. Қатысушылар өз ұсынысын айтып, жаңа құжатты әзірлеудің негізгі тәсілдерін талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Дөңгелек үстел Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың төрағалығымен өтті. Ол биыл 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру мерзімі аяқталады, соған байланысты жаңа құжатты әзірлеу жұмыстары басталғанын атап өтті.
- Сыбайлас жемқорлықпен күресті тек мемлекеттік органдар, ұйымдар мен мекемелер ғана жүргізбеуі керек - бұл бүкіл қоғамға ортақ мәселе. Сондықтан бұл жұмысқа халықты тарту қажет. Біздің бүгінгі міндетіміз - ардагерлер ұйымдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерін қоса алғанда, қоғамды барынша кеңінен қамту. Талқылауда қатысушылар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салады, ал кейін ұсыныстар еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жаңа тұжырымдамасын қалыптастыру кезінде ескеріледі деп сенеміз. Бұл бүкіл қоғам үшін өте маңызды әрі өзекті міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, ең алдымен жемқорлықтың салдармен емес, себептермен күресу керек, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Талқылауда қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін көтерді. Барлық ұсыныс хаттамаға енгізіліп, жаңа тұжырымдаманы дайындау кезінде ескерілетін болады. Құжат қоғам мүддесіне бағытталып, «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделеді.
- Бұған дейін әр мекемеде сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға және ол туралы белгі беруге жауапты тұлғаны тағайындау қарастырылған болатын. Алайда іс жүзінде бұл механизм жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істемей тұр. Қоғамдық бақылаудың жағдайы да осыған ұқсас: ол көбіне формальды сипатқа ие, ал қоғамдық кеңестер әрдайым тиісті деңгейде қызмет етпейді. Олардың ақпаратқа нақты қолжетімділігі және бюджеттің ашықтығын бақылау мүмкіндігі әлі де ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Осының барлығы формальды емес, нақты тиімділікті қамтамасыз ету үшін қайта қарауды және нақтылауды талап етеді, - деді «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Дайрабай Үсіпбаев.