Маңғыстауда автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылды

Маңғыстауда «Ақтау–Құйылыс» бағытындағы жолда жолдың сапасын сақтау және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Автоматтандырылған өлшеу станциясы - отандық және шетелдік жүк көліктерінің салмағы мен габариттік параметрлерін автоматты түрде өлшейтін, құқықбұзушылықтарды анықтап, жол жабындысының бүлінуін алдын алуға арналған жүйе.
Станция қазан айының басында қосылды. Бұған дейін жүк көліктерінің салмағы жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде қолмен өлшенетін. Қазір бұл процесс толығымен автоматтандырылды. Құрылғы көліктің артық салмағын өлшеп, деректерді бірден бірыңғай дерекқорға жібереді. Артық салмақ анықталған жағдайда көлік иесіне айыппұл салынады. Нұсқама түскеннен кейін жүргізушілер 7 күн ішінде айыппұлды төлесе 50 пайыз жеңілдетіледі, ал ұзап кетсе шара қолданылады. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 3500-ден астам жүк көлігі тексеріліп, 110 млн теңгеден астам айыппұл салынды, - деді Маңғыстау облысы көліктік инспекциясының бөлім басшысы Ұлағат Нұрғожаев.
Сонымен қатар жүк көліктерінің салмақ нормалары да нақты белгіленген. Атап айтқанда, 3 осьтік ауыр жүк көліктері үшін - 25 тоннаға дейін, 4 осьтік ауыр жүк көліктері үшін - 32 тоннаға дейін, 5 осьтік ауыр жүк көліктері үшін – 40 тоннаға дейін, ал 5 остік жоғары жүк көліктеріне - 44 тоннаға дейін рұқсат етілген. Белгіленген шектен асқан жағдайда жүргізушілерге айыппұл салынады.
Айта кетейік, «Ақтау - Форт-Шевченко» автожолына да автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылды. Аталған станция жыл соңына дейін іске қосылады.
