«Зиянды заттарға тәуелділік хоббидің болмауынан басталады»
Маңғыстау облысында нашақорлық пен алкоголизм мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінгі таңда өңірде екі мыңға жуық адам алкоголь мен есірткіге тәуелді жан ретінде ресми тіркелген. Оның ішінде, әсіресе, соңғы жылдары белең алған синтетикалық есірткінің қаупі орасан зор. Жағдайдың күрделілігін Otpannews.kz студиясында қонақта болған Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Мәди Тоқанов егжей-тегжейлі баяндап, өңірдегі ахуал мен тәуелділіктен арылудың жолдары туралы айтты.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта облыс көлемінде синтетикалық есірткінің 6 түрі ресми тіркеліп үлгерген. Маман бұл зиянды заттардың адам ағзасына, соның ішінде ми жүйесіне тигізетін зардабын ғылыми тұрғыда түсіндірді.
Мәди Тоқановтың айтуынша, зиянды заттарға тәуелділік хоббидің жоқтығынан туады. Өйткені ләззат сыйлайтын “дофамин” гормоны адам сүйікті іспен айналысқанда бөлінеді. Ал күйзеліске түскен адам “жеңіл дофамин” іздеп, есірткі мен алкоголь іздейді.
«Қалыпты өмірде (дәмді тамақ жеу, сүйікті іспен айналысу) ми 100–150% шамасында табиғи дофамин бөлсе, алкоголь бұл көрсеткішті 200%-ға, ал анаша мен марихуана 300–500%-ға дейін бір-ақ көтереді. Ең сорақысы – синтетикалық есірткілер миға түскенде дофамин мөлшерін 1500%-ға дейін жеткізеді. Мұндай соққыдан кейін өзін-өзі қорғауға тырысқан ми өздігінен дофамин бөлуді толық тоқтатады және нейрондық рецепторларды күйдіріп, істен шығарады. Нәтижесінде, адамға қарапайым өмірдегі қуаныштардың (кітап оқу, отбасы, жұмыс) бәрі қызықсыз болып көріне бастайды»,- дейді Мәди Тоқанов.
Синтетикалық есірткіге уланған ағзаның жұмысын толық қалыпқа келтіріп, тәуелділікті жою үшін ұзақ уақыт пен жан-жақты жұмыс қажет. Мәди Тоқановтың мәлімдеуінше, мамандардың бақылауымен емді толық қабылдаған науқастың есін жиып, айығуы үшін кем дегенде 5-6 жыл уақыт кетеді. Сондықтан ата-аналар баласының мінез-құлқына өте мұқият болуы тиіс. Тәуелділіктің алғашқы белгілері – ұйқысыздық пен көңіл-күйдің себепсіз құбылмалы болуы. Бала бойынан осындай өзгерістерді байқаған сәттен бастап дабыл қағу қажет.
«Қоғамдағы «ұят болады» деген түсінік пен болашақта жұмысқа орналаса алмай қалмаймын ба деген қорқыныш көп отбасының дер кезінде көмекке жүгінуіне кедергі келтіріп отыр. Адамдардың орталыққа келіп ем алудан қашқақтауының басты себебі – ресми тіркеуге тұрудан сескенуі. Осы түйткілді шешу мақсатында, қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында науқастар үшін анонимді түрде ем алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр»,- деді орталық басшысы.