Ақтауда колледж кітапханашыларына арналған республикалық семинар өтуде
Ақтауда «Цифрлық трансформация: колледж кітапханалары қызметін заманауи жаңғырту» тақырыбында колледж кітапханашыларына арналған республикалық семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Ғазимова, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана қызметкерлері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының кітапханаларына жауапты мамандар, облыстық әдістемелік орталықтардың кітапхана әдіскерлері мен кітапханашылары қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты - колледж кітапханаларындағы кітапханалық үдерістерді оңтайландыру, ақпараттық-библиографиялық қызметтерді жаңғырту, студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру және жасанды интеллект технологияларын кітапхана қызметіне тиімді енгізу бағытында кітапханашылардың кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Ашылу салтанаты барысында қатысушылар білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасымен, оқу үдерісімен және қазақстандық баспалардың кітап көрмелерімен танысты. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев семинар қатысушыларын құттықтап, цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығына тоқталды.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамытуға, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне кеңінен енгізуге ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі шараның «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» жылы аясында өткізілуі де осы маңызды міндеттерді жүзеге асырудағы нақты қадамдардың бірі деп білеміз. Биыл елімізде алғаш рет аталып өткен Ұлттық кітап күні кітаптың қоғамдағы орны мен рухани құндылығын дәріптеуге бағытталған маңызды бастама болды. Бұл мереке кітапхана саласы қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі ғана емес, сонымен қатар оқырман мәдениетін дамытуға серпін берген маңызды оқиғаға айналды", - деді Аббат Өрісбаев.
Семинардың маңыздылығына тоқталған Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің директоры Ілес Нұрадинов іс-шараның тәжірибе алмасу алаңы ретіндегі рөліне ерекше назар аударды.
"Маңғыстау облысынан және еліміздің өзге өңірлерінен келген алпыстан астам кітапханашы қазіргі таңда семинарға қатысуда. Іс-шараның басты мақсаты - колледж кітапханаларының меңгерушілері арасында озық тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету және оны кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, семинар аясында республиканың оннан астам баспасы өз кітап өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда. Екі күнге жоспарланған семинар бағдарламасының алғашқы күні ашылу салтанаты мен пленарлық отырыстардан басталады. Қатысушыларға Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапхана мен Әбіш Кекілбайұлы атындағы әдеби-мемориалдық музей таныстырылады", - деді Ілес Нұрадинов.
Семинар бағдарламасы пленарлық отырыс пен секциялық алаңдардан тұрады. Пленарлық отырыста «Колледж кітапханасы және жасанды интеллект», «Колледж кітапханалары қорын көркем әдебиеттермен және мамандықтарға арналған басылымдармен толықтыру», «Кітапханаларды цифрландыру» және «Колледж кітапханаларын заманауи дамыту» тақырыптары талқыланды. Аталған бағыттар бойынша еліміздің түрлі өңірлерінен келген және жергілікті сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Секция жұмысы «Оқитын ұлт - зияткерлік әлеует негізі» тақырыбында өтті. Сонымен қатар, «Кітап - рухани құндылық» республикалық шығармашылық байқауы ұйымдастырылды.
Семинар аясында Қазақстан баспалары өнімдерінің көрмесі мен жаңа кітаптардың таныстырылымы өткізілуде. Қатысушылар кітапхана жұмысында жасанды интеллектті қолданудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, секциялық отырыстар мен дөңгелек үстелдер барысында тәжірибе алмасуда.
Айта кетейік, республикалық семинар екі күнге жалғасады. Екінші күні еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар Маңғыстаудың тарихи-мәдени және табиғи нысандарымен танысып, Бекет ата жерасты мешіті мен Бозжыра шатқалына саяхат жасайды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялау туралы №1151 Жарлығын және «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» №1279 Жарлығын іске асыру аясында, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің үйлестіруімен өткізілуде.