ТЖМ құтқарушылары Тұзбайырдағы сордан британдық туристердің көлігін шығарды
Маңғыстау облысындағы Тұзбайыр шатқалы маңында жолда қалып қойған Ұлыбритания азаматтарына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары көмек көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға туралы хабар 112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне түскен. Мәліметке сәйкес, Маңғыстау ауданы аумағындағы Тұзбайыр шатқалына барған шетелдік туристер мінген жеңіл автокөлік сорға батып, әрі қарай қозғала алмай қалған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көлікте Ұлыбританияның екі азаматы мен 12 жастағы баланың болғанын анықтады. Құтқару жұмыстары жер бедерінің күрделі әрі топырақтың батпақты болуына байланысты ұзаққа созылған.
Арнайы техниканың көмегімен жүргізілген операция нәтижесінде автокөлік сордан шығарылып, қауіпсіз аумаққа жеткізілді. Құтқару жұмыстары бір тәуліктен астам уақытқа жалғасқан.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Туристерге медициналық көмек қажет болмаған.
Мамандар өңірдің шалғай туристік бағыттарына шығатын азаматтарды жол жағдайын алдын ала зерттеп, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.