Otpan News Logo

Жолданымды қарау кезінде заңдылықты нығайту және жауапкершілікті арттыру

|
03.06.2026 11:30
Жолданымды қарау кезінде заңдылықты нығайту және жауапкершілікті арттыру

Заң мен тәртіп – тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастырудың және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің іргелі қағидаттары болып табылады.

Қазіргі цифрландыру жағдайында заңдылықты нығайтуда жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау кезінде ашықтықты, жеделдікті және бақылауды қамтамасыз ететін ақпараттық-талдамалық «e-Otinish» сервисі ерекше рөл атқарады.

         2026 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша, «Жолданымдар, хабарламалар, сұрау салулар, пікірлер мен ұсыныстарды қарау туралы» №1-ТӨ нысаны бойынша есепке сәйкес, Маңғыстау облысының мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарына 67 640 жолданым түскен (2025 жылдың 4 айында – 47 516), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,3%-ға артып отыр. Бұл өз кезегінде жолданымдар санының өсуін көрсетеді.

         Жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау тәртібі ӘРПК нормаларымен реттеледі, бұған қылмыстық-процестік, азаматтық процестік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген іс жүргізу тәртібі қолданылатын жолданымдар кірмейді.

        ӘРПК – мемлекеттік орган мен өтініш беруші арасындағы дауларда әлсіз тарап ретінде қарастырылатын өтініш берушінің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа құқықтық модель болып табылады.

       Енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтармен жұмыс жүйесін түбегейлі жаңғырту, өтініш берушілердің құқықтарын барынша қорғау, формальды бас тартулар мен бюрократиялық кедергілерді болдырмау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың міндеттер аясын кеңейту.

      «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жергілікті мемлекеттік басқару органдарында, мемлекеттік қатысу үлесі 100 пайызды құрайтын заңды тұлғаларда бірыңғай ақпараттық-талдамалық жүйе – «e-Otinish» енгізілген.

            Бұл жүйе ӘРПК-не негізделе отырып, азаматтар мен мемлекеттік билік арасындағы дауларда құқықтарды күшейтуге бағытталған құрал болып табылады.

            Қазіргі цифрлық дәуірде жолданымдарды электрондық форматта беру мүмкіндігі азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешуге және түрлі сипаттағы дауларды тиімді қарауға айтарлықтай серпін берді.

            Бұрынғы күрделі құжат айналымы, ұзақ күту және жеке келу қажеттілігі кезеңі артта қалды. Электрондық жолданымдардың енгізілуі азаматтарға өз үйінен немесе кеңсесінен шықпай-ақ жолданым беруге мүмкіндік беріп, уақыт, күш және ресурстарды үнемдеуге жол ашты.

           Электрондық жолданымдардың басты артықшылықтарының бірі – географиялық кедергілерді жою. Бұрын жолданымды жеке тапсыру үшін азаматтар ұзақ қашықтықтарды еңсеруге мәжбүр болатын, бұл қосымша шығындар мен қолайсыздықтар туғызатын.             

          Ал электрондық форматтың арқасында интернетке қолжетімді кез келген тұлға орналасқан жеріне қарамастан жолданым бере алады.

          Сонымен қатар, электрондық жолданымдар қарау мерзімін айтарлықтай қысқартады. Қағаз түріндегі жолданымдар көбіне қолмен сұрыптауды, сақтауды және тасымалдауды талап етіп, іс қарау мерзімінің ұзаруына әкелетін. Ал электрондық жолданымдар бірден қолжетімді болып, жүйеленіп, тиісті тараптарға жедел жолданады, бұл әділдікке қол жеткізудің жалпы процесін жеделдетеді.

         Электрондық жолданымдардың артықшылығы тек беру процесімен шектелмейді. Ол құжат айналымы мен есепке алуды да жеңілдетеді. Барлық құжаттар электронды түрде сақталып, физикалық көшірмелердің қажеттілігін жояды, бұл сақтау кеңістігін үнемдеп қана қоймай, құжаттардың жоғалу немесе шатасу тәуекелін азайтады.

         Айта кету керек, электрондық жолданым жүйесі ақпараттың қауіпсіздігі мен құпиялылығына нұқсан келтірмейді. Заманауи шифрлау технологиялары мен қорғалған серверлер дербес деректердің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өтініш берушілер өз мәліметтерінің бүкіл процесс барысында қорғалғанына сенімді бола алады.

        Технологиялардың дамуы жалғасқан сайын, электрондық жолданымдар процесі одан әрі жетілдіріліп, оның қолжетімділігі мен тиімділігі арта түсетіні сөзсіз.

        «e-Otinish» ақпараттық-талдамалық жүйесі мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырып, жолданымдарды қараудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

       Әкімшілік орган ӘРПК-ге сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданымға 15 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Ал шағымды қарау мерзімі оның келіп түскен күнінен бастап 20 жұмыс күнін құрайды және бұл мерзімді мемлекеттік орган ұзартуға құқылы емес.

           Жолданымды берудің бірнеше тәсілі бар. Азамат ХҚКО-ға немесе әкімшілік органға жүгініп, өз жолданымын қалдыра алады. ХҚКО базасында «Нәтиже» орталығы (жолданымдарды қабылдау пункттері) жұмыс істейді, оның міндеті тек жолданымды қабылдау ғана емес, сонымен қатар азаматтың мәселесін сол жерде шешуге ықпал ету болып табылады. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері де жолданымдарды қабылдап, оларды бірыңғай ақпараттық-талдамалық «e-Otinish» жүйесінде тіркеуге міндетті.

«e-Otinish» ақпараттық-талдамалық жүйесі әрбір мемлекеттік органда орнатылған.

         Сондай-ақ, өтініш беруші жолданымды egov порталы арқылы немесе suraqtar.kz мобильді қосымшасы арқылы жолдай алады. Бұл жүйе жолданымдарды қарауға байланысты артық бюрократиялық рәсімдерді алып тастап, азаматтарға жолданымның қаралу барысын қадағалау мүмкіндігін береді.

       Кеңсе қызметкері жолданымды қабылдау кезінде өтініш берушіге бірегей нөмірі бар талон беруге міндетті, ол арқылы жолданымның қаралу барысын бақылауға болады. Барлық тіркелген жолданымдар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесінде көрініс табады.

           Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жолданымдарды тіркеу жөніндегі деректері негізінде мемлекеттік статистикалық есеп қалыптастырылады.

         Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жолданымдармен жұмысын жыл сайын бағалаудың негізгі дереккөзі болып табылады.

Сонымен қатар, құқықтық ақпараттар мен мемлекеттік сервистерді алу үшін азаматтар www.qamqor.gov.kz ресми порталын пайдалана алады.

Аталған порталда әкімшілік айыппұлдарды тексеру, құқық бұзушылықтардың бар-жоғы туралы мәліметтер алу, іздеуде жүрген тұлғалар мен алимент бойынша борышкерлерді іздеу, тексеруді тіркеу туралы ақпарат, сондай-ақ құқық қорғау саласына қатысты өзге де ақпараттық қызметтер қолжетімді.

Портал азаматтарға қажетті мәліметтерді жедел алуға және мемлекеттік органдармен электрондық форматта өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.


Қазақстан Республикасы

Бас прокуратурасының

Құқықтық статистика және

арнайы есепке алу жөніндегі

Комитетінің Маңғыстау облысы

бойынша Департаментбастығының

орынбасарыаға әділет кеңесшісі

Е.А. Айбеков


87
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!