Otpan News Logo

Маңғыстаулық спортшы Майис Алиев Азия чемпионатынан жеңіспен оралды

|
29.05.2026 10:05
Маңғыстаулық спортшы Майис Алиев Азия чемпионатынан жеңіспен оралды

Маңғыстаулық спортшы Майис Алиев Вьетнамның Дананг қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында еркін күрестен өткен Азия чемпионатында алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшы жоғары шеберлік көрсетіп, финалда қырғыз балуанын 10:8 есебімен тізе бүктіріп, Азия чемпионы атанды. Осылайша, Майис Әлиев өзінің спорттық мансабында екінші рет Азия чемпионатының алтын тұғырынан көрінді.


Еске сала кетейік, бұған дейін Майис Алиев Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанып, құрлықтық біріншілікке жолдама алған болатын. Азия чемпионатында ол үш кездесу өткізіп, барлық қарсыласынан басым түсті. Сонымен қатар, бұл жеңіс оған Лас-Вегаста (АҚШ) өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді.


Жарысқа Азия құрлығының ең мықты спортшылары жиналды. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Ұлттық құрама қоржынына түскен төрт алтын медальдің бірін Майис Алиев еншіледі.


Азия чемпионатына Маңғыстау облысынан тағы бір спортшы – әлем чемпионы Камиль Куруглиев қатысқан болатын. Алайда, алған жарақатына байланысты ол жарысты одан ары жалғастыра алмады.


Турнирде спортшылармен бірге облыстың аға бапкері Магомед Куруглиев те болды.


-Сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек сезіну керек. Бұл турнирде мен осымен екінші рет Азия чемпионы атанып отырмын. Өткен жылы да, биыл да жеңіске жеттім. Дегенмен, алғашқы жеңістің әсері әрқашан ерекше болады. Бүгін де өте қуаныштымын. Вьетнамдағы бұл Азия чемпионатына шамамен 4-5 ай бойы дайындалдым. Бірақ жақында Қазақстан Кубогында жеңіліп қалып, психологиялық тұрғыдан біраз қажып қалған едім. Соған қарамастан, өзімді қолға алып, жақсы дайындала алдым. Қырғыз балуанымен өткен финалдық белдесу өте тартысты болды, бірақ 10:8 есебімен жеңісті жұлып алдым. Ата-анама, бапкерлеріме, жанкүйерлеріме, сондай-ақ қолдау көрсеткен облыстық күрес федерациясының басшылығы мен спорт басқармасына шексіз алғысымды білдіремін, - деді Майис Алиев.


Өз кезегінде спортшының бапкері Роман Ахмедханов шәкіртінің бұл жетістігін жоғары бағалады.


-Біз Майисті осы жылдың басынан бастап дайындай бастадық. Өткен жылы ол Азия чемпионы атанған болатын, ал қазір құрлықтың екі дүркін чемпионы болып отыр. Бұл – үлкен нәтиже және жас спортшыларға үлгі. Азия чемпионатында ол Моңғолия, Үндістан және Қырғызстаннан келген қарсыластарымен боз кілемге шықты. Біз өте қуаныштымыз және алдағы уақытта одан бұдан да жоғары жетістіктер күтеміз, - деді Роман Ахмедханов.
100
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!