Маңғыстауда Ұлттық ұланның бөлімшелеріне 30 автокөліктің кілті табысталды
Маңғыстау облысында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың қызмет сапасын арттыру мақсатында маңызды іс-шара өтті. ҚР Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінде әскери даярлық бағдарламасынан сәтті өткен жас жүргізушілерге су жаңа автокөлік кілті салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Заманауи үлгідегі Hyundai Tucson маркалы автокөліктері әскери қызметкерлерге арнайы "Лизинг" жобасы аясында беріліп отыр. Бұл қадам әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасын нығайтумен қатар, жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейде ұстауға септігін тигізбек.
Салтанатты іс-шараны 6656 әскери бөлімінің командирі, полковник Болатбек Мұхамбетқалиев ашып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Шара барысында арнайы дайындықтан өткен жас жүргізушілерге кезек-кезек автокөлік кілті табысталып, бөлім басшылығы өздерінің ақ тілектері мен құттықтауларын жеткізді.
"ҚР Ұлттық ұланы басшылығының қолдауымен 6656 және 3502 әскери бөлімдеріне замануи жаңа әскери техникалары табысталды. Бұл барлық өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтау жолында қызмет ететін әскерилер үшін үлкен қуаныш әрі жетістік. Әскери техникалар жеке құраммен бірге жауынгерлік қызметке үнемі қолданысқа беріліп отыр. Әскери бөлімдер заманауи техника, оқ-дәрі, қару-жарақтармен толықтай қамтамасыз етіліп отыр. Еліміздің тыныштығы мен болашағының қауіпсіздігін ұдайы бақылауда ұстап, қалтқысыз қызмет ету үшін үшін берілген техникалар үлкен қолдау болады",- деді ҚР Батыс өңірі қолбасшылығы 6656 әскери бөлімінің командирі, полковник Болатбек Мұхамбетқалиев.
Жаңа көліктер алдағы уақытта әскери бөлімнің күнделікті қызметтік-жауынгерлік міндеттерін мүлтіксіз орындауға жұмылдырылатын болады.
"ҚР Ұлттық ұланының жоспары бойынша әскери даярлықтан өткен жас сарбаздарға су жаңа автокөлік кілті табысталғанына өте қуаныштымыз. Берілген техника тек тасымал құралы емес заман талабына сай жасалып жатқан жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Отан алдындағы борышын өтеп жатқан біз секілді сарбаздарға үлкен қолдау болып отыр. Артылған сенімді ақтауға тырысамыз және алғыс білдіреміз", -деді 6656 әскери бөлімнің сарбазы Нұрсұлтан Құрмашев.