«AMANAT» партиясының республикалық мобильді қабылдау тобы Маңғыстау тұрғындарымен кездесті
«AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдау тобы Маңғыстау облысына іссапармен келді. Сапар аясында топ мүшелері Түпқараған ауданына қарасты Форт-Шевченко қаласы мен Таушық ауылында болып, тұрғындардың өзекті мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшпелі қабылдауға «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек, консультант Сағындық Жылқыбаев, партияның облыстық филиал төрағасы Нұрбек Қарасаев, облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Мадияр Қалиасқаров, сондай-ақ бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Қабылдауға 50-ге жуық аудан тұрғыны қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыз су тапшылығы, ауданішілік автомобиль жолдарының жай-күйі, балалар ойын алаңдарының жетіспеушілігі, қоғамдық көлік қатынасы, несие және қаңғыбас иттер мәселесі сөз болды.
Аудан тұрғыны Ләйла Асқар Ақтау қаласынан Түпқараған ауданына қатынайтын автобус бағытына қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, қоғамдық көлік қазіргі таңда Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарына кірмей, жаңадан салынған жол арқылы тікелей аудан орталығына қатынауда.
– Мұғалім ретінде Форт-Шевченко қаласына жиі қатынаймын. Бұрын аудан орталығына автобуспен еш қиындықсыз жететін едік. Қазір бағыт өзгеріп, автобус ауылдарға соқпайтын болды. Соның салдарынан тұрғындар алдымен Ақтауға барып, кейін қайта автобусқа отыруға мәжбүр. Бұл уақытты да, қаржыны да талап етеді, – деді ол.
Бұл мәселеге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмірбек Сағындықов жауап беріп, тұрғындардың ұсынысы бір ай ішінде шешімін табатынын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта Ақтаудан қатынайтын автобус таңертең және кешкі уақытта ауыл ішіне кіріп, жолаушыларды тасымалдайды.
Сонымен қатар тұрғындар жолдарды асфальттау мәселесін де көтерді. Әсіресе, жауын-шашын кезінде жол жүруге қолайсыз болатынын атап өтті.
Өз кезегінде Түпқараған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұхаммед Ғибрат бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынғанын айтты.
– Қазіргі таңда ауданішілік жолдарды асфальттау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталды. Алдағы екі жыл ішінде 10 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл бірінші кезекте ең маңызды жолдар асфальтталады. Ал кейбір көшелерде асфальт төсеуге дейінгі дайындық жұмыстары атқарылады, – деді ол.
«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
– Жергілікті деңгейде шешілетін мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Ал республикалық деңгейдегі түйткілдер орталық қоғамдық қабылдау бөлмесінде қаралып, тиісті шаралар қабылданады. Жалпы, биыл бес айда республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне 42 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 60 пайызы оң шешімін тапты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді Ермұхаммед Жұмабек.
Айта кетейік, республикалық мобильді қоғамдық қабылдау тобының жұмысы бүгін Маңғыстау ауданында жалғасты. Топ мүшелері Ұштаған және Онды ауылдарына барып, 30-ға жуық тұрғынды қабылдады.