Маңғыстауда «Назар аударыңыз! Шағын көлемді флот!» акциясы басталды
Еліміздің көлік министрлігінің автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдары жыл сайын өткізілетін «Назар аударыңыз! Шағын көлемді флот!» профилактикалық акциясын бастады. Акция биылғы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты - еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шағын көлемді кемелердің қатысуымен болатын оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ кеме иелері мен кеме жүргізушілерінің су көлігін пайдалану кезіндегі жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Акция аясында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге және ішкі су көлігі саласындағы заңнама талаптарының бұзылуын болдырмауға бағытталған бақылау-қадағалау, профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Әсіресе келесі талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады:
· Шағын көлемді кемелерді және оларды тұраққа қоюға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидалары;
· Ішкі су жолдарында жүзу қағидалары және өзге де нормативтік талаптар.
Сонымен қатар, шомылу маусымы кезеңінде көліктік бақылау инспекторлары азаматтар көп жиналатын демалыс орындары орналасқан негізгі су айдындарында тұрақты түрде қызмет атқаратын болады. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, «Назар аударыңыз! Шағын көлемді флот!» акциясы 2026 жылға арналған флоттағы авариялық жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылып отыр.
Бүгінде елімізде 20 мыңнан астам шағын көлемді кеме тіркелген. Осыған байланысты су көлігінің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала бермек.